×
490.84
536.88
5.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
490.84
536.88
5.04

Ербаянның емдеуге қажетті медициналық керек-жарақ неге берілмеді

10.09.2024, 13:48
Ербаянның емдеуге қажетті медициналық керек-жарақ неге берілмеді
Коллаж Ulysmedia

Бұған дейін Ербаян Мұхтардың жақындары армиядан төсек тартқан күйде жеткізілген ұлын қалай көтеру керегін білмейтінін, мемлекет тіпті памперске дейінгі қажеттілікті бермегенін айтып, шағымданған еді. Жас жігіттің тағдырына бей-жай қарай алмаған азаматтар аз уақыттың ішінде оның отбасына 229 млн теңгеден астам қаражат жинап берген еді. Үкімет қабырғасында өткен брифингте Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қажетті көмек мүгедектікті автоматты түрде алмауына және ата-анасының қамқорлығының болуына байланысты берілмегенін айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жас жігіттің денсаулық жағдайы "мемлекеттік органның тұрақты бақылауында" екенін айтты.

– Біз науқастың өкілдерімен, анасымен байланысқа шықтық. Оны шығару жоспарланғанға дейін (шетелге) оңалтуға жолдама қайта дайындалды. Бұл шетелдегі клиникалар растағанға дейін керек. Ата-аналар қажетті ем-дом жүргізілетін орынды іздеп жатыр. Біз өз тарапымыздан оңалтуды жалғастыруға дайынбыз. Тиісті құжаттар әзірленді. Үйде ол тиісті кеңес алды, кеше ғана консилиум өткізілді. Қорғаныс министрлігінің күшімен жергілікті жерде ЛФК мамандары, массаж жасаушы, емхананың медбикесі жұмыс істейді, - деді денсаулық сақтау министрі.

Ол ата-аналардың келісімі болса, оңалтудың екінші кезеңін бастауға дайын екенін айтады. Ербаянның әке-шешесі халық жинап берген ақшаға ұлын емдегелі отыр. Министрдің сөзінше, Ербаян Мұхтардың жағдайы мемлекет есебінен шетелде емдейтін аурулардың тізіміне кірмейді.

ЕРБАЯННЫҢ ТУЫСТАРЫ НЕЛІКТЕН КӨМЕК АЛА АЛМАДЫ

Еңбек министрі Светлана Жақыпова Ербаянның мүгедектігі расталғанын хабарлайды. Оның айтуынша, ата-анасы өзіміз қараймыз деп шешкен.

– Астана қаласының жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының күшімен оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету бойынша олар толық қамтамасыз етілді. Ата-аналар қамқоршылықты рәсімдегенге дейін олар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті қаражатты ала алмайды. Ата-аналарға ескерту жасалады. Әкесімен әңгіме болды. Олар ештеңеге мұқтаж емес екенін айтты, - деді министр.

Сондай-ақ, ол мұндай жайттар бойынша қателіктер ескеріліп, жұмыс жүргізілетінін айтады: қазір жұмыс тобы жұмыс істейді, ол мүгедектікті автоматты режимде тағайындау мәселесін қарастырады.

– Бүгінгі жағдай – Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек министрлігі арасындағы жауапкершілік шекарасы іспетті. Еңбек министрлігі адамға мүгедектік тобын белгілеуге 31 нысанды жолдама берілген кезде өзіне міндеттемелер қабылдайды. Одан кейін Еңбек министрлігі жауапты болады, - деді Светлана Жақыпова.

КОМАҒА ТҮСКЕН САРБАЗ

Еске сала кетейік, Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбаз Ербаян Мұхтарды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмай отыр. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған еді. 

Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева мен әжесі Күләш Смайылова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жоғарғы сотқа, Қазақстан халқына тағы үндеу жариялады. Гүлсім Қамиеваның ұлы – қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтар былтыр мамырда мерзімді әскери қызметке алынған. 2023 жылдың 4 желтоқсанында түнде Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 бөліміндегі дәретханада құлап, бас-миының ашық жарақатын алған. Орталық клиникалық ауруханасының анықтамасы бойынша, сарбаздың бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынған, ауыр ми жарақатын алған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.