×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Жақсы атақ бермейтін шешімдер жалғасын табуы керек еді»: Аймағамбетов министрліктегі сабақтастық жайлы

11.09.2024, 18:30
«Жақсы атақ бермейтін шешімдер жалғасын табуы керек еді»: Аймағамбетов министрліктегі сабақтастық жайлы

Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы Асхат Аймағамбетов «УӘДЕ» бағдарламасына сұхбат берді. Сұхбат барысында ол білім саласы жөнінде ойын ортаға салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

«Білім саласына келсек, онда да бірнеше заң қабылдадық. Қазір тіпті үшінші заң Мәжілісте жатыр. Біз айғай-шусыз әріптестерімізді шақырып, бірге жұмыс істеп жатырмыз. Мәселе сенің имиджіңде емес, мәселе тиімділікте. Мәселе сенің біреуге жақсы болып көрінгеніңде емес, ертең сен не істедің, қандай мәселені шештің, қандай жұмыс атқардың дегенде, бірінші кезекте өзіңе ашық жауап беруге мүмкіндігің болу керек. Екіншіден, сені сайлаған халыққа ашықтық керек. Сондықтан менің жауап беруге барлық мүмкіндіктерім бар. Сондықтан хайпсыз байыппен осы проблемаларды шешумен айналысудамыз», — деді Аймағамбетов.

Журналист Ерболат Мұхаметжанның «Бір жарым жыл сіз этиканы сақтай отырып, бұрынғы әріптестеріңіз болған соң үндемедіңіз бе?» деген сұрағына экс-министр:

«Жабық есіктер болғанда мен проблемаларды қатты-қатты айттым. Ал олардың намысына тиіп, проблемаларды қоғамға көрсету ол менің мүддемде емес», — деп жауап берді.

Журналист депутатқа «Жекеменшік мектептердегі бағдарламалар жаңарып, тіпті жекеменшік мектептердің саны көбейіп жатыр. Бір ғана Астанада 70-тен астам жекеменшік мектеп бар. Тіпті олардың саны мемлекеттік мектептердің санына жақындап қалды. Бұл менің ойымша сигнал. Яғни адамдардың мемлекеттік мектепке деген сенімі азайды. Екінші мәселе — кадрлардың жетіспеушілігі. Ол қалай шешіліп жатыр? Меніңше, этиканы сақтау екі жылға жетеді, себебі енді 2-3 жылда сіздің де депутаттық мандатыңыздың мерзімі аяқталады» деп пікір білдірді.

«Сабақтастық әр салада өте маңызды, сабақтастық болу керек. Өйткені әрбір министр жаңа реформа жасап, әрбір министр «бұл дұрыс емес», «маған дейін бәрі дұрыс емес болды», «енді мен барлығын түзеймін» деп айту, менің ойымша, дұрыс емес те, тиімді емес те. Ал егер менің істеген салаларыма келетін болсақ, сабақтастық кейбір мәселе бойынша бар, кейбір мәселе бойынша жоқ. Бұл да өмірдің заңдылығы. Егер халық жақсы қабылдайтын реформалар болса, оларды жалғастырады. Бірақ менің ойымша, күрделі шешімдер, халық қабылдамайтын, ұнамайтын шешімдер, саған жақсы атақ бермейтін шешімдер жалғасын табуы керек еді. Мен әріптестеріме әрқашан айтамын: «кейбір мәселелерді айтуға болады, мына кісі қабылдап кетті, біздің оған ешқандай қатысымыз жоқ, сұрағыңыз осы кісіге болу керек» деп. Кейбір мәселелерді қайта қарамауға мүмкіндік болушы еді. Бірақ мен осы лауазымда жұмыс істеген азамат ретінде оларды түсінемін, өйткені қазір мемлекет басшысы оларға сенім артты, мүмкіндік берді, талап қойып отыр. Сондықтан егер осы азаматтар жағдайды, тиімділікті осылай сезініп, шын мәнінде олардың көзқарастары басқа болып, осы шешімді қабылдаса, оған біз айып тағуымызға болмайды», — деп жауап берді депутат.

Депутаттың осы және өзге де ойлары сұхбаттың толық нұсқасында айтылды.