Парламент депутаты Ерлан Сайыров өңірлерде Қазпоштаның филиалдары жабылып жатқанына алаңдайды. Ол аталған мекеменің мәселесі бойынша Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ауылдарда пошта желілері жоқ
Сайыровтың сөзінще, көптеген шекаралас ауылды елдімекенде әлі күнге дейін ұялы байланыс, интернет және пошта желілері жоқ. Сол аймақтарға зейнетақы жеткізіп, күнделікті газет-журнал жеткізіп отыратын кәсіпорын «Қазпошта». Депутат осы мекемені алыс ауыл-аймақтағы халыққа банк қызметін атқарып, зейнетақы жеткізіп, ақпарат құралдарын тарататын «өмір жолы» деп атайды
– 2017 жылы белгіленген тарифтер «Қазпоштаның» шығындарын өтемейді. Қызметтің өзіндік құны 247,67 теңгені құрайды, ал мерзімді басылымдарды ауылдық жерлерге жеткізудің бекітілген тарифі – 17,6 теңге. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шығындар 12,1 млрд теңгені, ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 12,3 млрд теңгені құраған, ал субсидиялар қажетті 8 млрд теңгенің 2,05 млрд теңгесін ғана жабады, – дейді ол.
Былтыр 13 филиал жабылған
Сайыров жылдан жылға ауылдық елді мекендерде мемлекеттік көмектің азаюына байланысты Қазпошта бөлімшелері жабылып жатқанын нақты сандарменкөрсетеді. 2022 жылы 33 филиал, ал 2023 жылы 13 филиал жабылған.
– Осы үрдісті жалғастыра отырып, 900-ге жуық бөлімше жабылуы мүмкін. Шекаралас елді мекендердегі «Қазпошта» бөлімшелерінің жабылуы мемлекеттің саясаттың осы өңірлерде әлсіреуіне әкелуі һақ! Ауылдық елді мекендерде газеттер мен журналдардың қолжетімділіктің болмауы, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметтер, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сияқты күрделі проблемалар болары анық! Бүгінгі турбулентті заманда ұлттық қауіпсіздікті саудаға салуға салып, бюджет қаражатын үнемдеуге болмайды! Шекаралық аудандардағы «ҚазПоштаның» қызметі Ұлттық Қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі! Олигархтардың банкілерін еркелетіп, қарапайым халыққа қызмет ететін «Қазпоштаны» алалауды қою керек! – дейді ол.
Депутаттың талабы
Осыған байланысты Сайыров мерзімді баспасөз басылымдарын, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ рентабельді емес тарифтерін жеткізуді субсидиялау мәселесіне назар аударып, келесі мәселелерді шұғыл шешу қажет деп есептейді. Ол үшін «Қазпоштаға» қолданыстағы тарифтерді ұлғайту арқылы мерзімді баспа басылымдарын жеткізуді субсидиялауды ұлғайтуды көздеуі, ауылды жерді дамыту бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Қазпоштаға» әкімдіктердің ақшалай қаражатын орналастыру мүмкіндігін қарастыруы керек деп есептейді. Аудандық және ауылдық әкімдіктердің мемлекеттік ғимараттарын салу кезінде қолдау шарасы ретінде пошта бөлімшелерін өтеусіз негізде орналастыруды көздеу қажет деп санайды.