Бақытбек Рахымбердиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҰҚК-ДЕГІ АУЫС-ТҮЙІС
Мемлекет басшысының өкімімен Бақытбек Төлешұлы Рахымбердиев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Терроризмге қарсы қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды – делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Рахымбердиевтың еңбек жолы туралы ашық дереккөзде ақпарат жоқтың қасы. Баспасөзде оның аты-жөні тек 2019 жылы комитет жүзеге асырған Жусан операциясы кезінде жиі аталған. Ол кезде Рахымбердиев ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы қызметін атқарған.
Бұған дейін Президент өкімімен ҰҚК-нің бірінші орынбасары ауысқан болатын.
Мемлекет басшысының өкімімен Әли Сапарғалиұлы Алтынбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған.
ҰҚК-НІ КІМ БАСҚАРАДЫ
Ермек Сағымбаев 2022 жылдан бері ҚР ҰҚК төрағасы.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаев бұған дейін 1994-2006 жылдары – ұлттық қауіпсіздік органдарында офицерлік лауазымдағы қызметтерді атқарды;
2006-2019 жылдары – ҚР Президенті Күзет қызметінің офицерлік және басшылық лауазымдарында қызмет атқарды;
2019-2021 жылдары – Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы;
2021-2022жж. - Мемлекеттік күзет қызметі бастығының міндетін атқарушы, бастығы болды.