Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезіндегі қазақ-қырғыз арасында өткен финалдық ойында туындаған пікірталасқа қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАСҚА ЖҰМЫСЫМЫЗ БАР
Қырғызстан көк бөрү федерациясының тарапы 1 қарашада өтетін турнирге шақырғаны туралы: көпшілік бұны 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап отыр. Қырғызстан тарапы ашық тунирге қатысуға шақырды. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің өзге турнирлеріміз қойылған. Алдағы уақытта Қырғызстан тарапы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырған жағдайда диалог жүргізуге әзір екенімізді жеткіземіз – делінген федерация жауабында.
КӨКПАР ДАМЫП КЕЛЕДІ
Сонымен қатар, федерация көпшіліктің екі ел арасындағы қарымта кездесуді күтіп отырғаны көкпар спортына деген қызығушылықтың артқанын білдіреді. Бұл қуантарлық жағдай. Ұлттық ойынымыздың деңгейі бір саты көтерілгенінің белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізіпті.
5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көкпардан келген 9 құрама да өте жақсы дайындықпен келгенін айта кеткен жөн. Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасын 16:0, АҚШ құрамасын 12:4, Ресейден келген көкпаршыларды 18:2 есебімен жеңген еді. Ал финалдық ойында Қырғызстанмен негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбектің алтын салымының арқасында 5:4 есебімен басым түскен болатын.