×
$
453.87
€
508.33
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.87
€
508.33
₽
5.65

«Сұраққа жауап жоқ, сұрағанға кінә көп» – жаңа подкаст

Бүгін, 14:42
«Сұраққа жауап жоқ, сұрағанға кінә көп» – жаңа подкаст
Ulysmedia.kz коллажы

Қоғамдағы өткір сұрақтарға жауап іздеген адамды жау санайтындар, жеке бастың есебін түгендеп жүр деп айыптайтындар көп. Сын неге дауға айналады? Ал қоғамдық һәм саяси қызметтегі азаматтар әр ісі мен сөзі үшін жауапты екенін неге ескермейді? Желідегі жариялылық жақсылықтың нышаны ма? Қазақ қоғамында адамгершілік құндылықтардың әлсіреуіне не себеп? Бала тәрбиесінде неден мүлт кеттік?  Журналист Гүлбану Әбенова Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында осы және өзге де сауалдар төңірегінде ой қозғады.

СЫН АЙТУ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАБЫЛДАУ МӘДЕНИЕТІ

– Қазіргі заман – желінің заманы. Әсіресе, Threads халықтың көңіл-күйін, қоғамның ахуалын көрсететін алаңға айналды. Сіз бұл желіні бақылап отырасыз ба?

– Иә, оқып отырамын. Кейде Facebook-ті тастап, Threads-ке көшейін бе деп ойлаймын. Өйткені қазір Facebook-те көп нәрсе жаза бермейміз. Жазуға болмайды.

– Неге?

– «Неге жаздың, өшір» дейді, сотқа береді. Қаншама жазбам үшін сотқа тартылған кезім болды.  Threads-те көбіне қысқа жазбалар жақсы оқылады. Қысқа жазып үйренбегендіктен, әзірге тек оқырманмын. Көбіне жастар жазады. Олардың көзқарасы, пікірі маған қызық. Жастарды не алаңдатады, неге қызығады, бәрін жіті қадағалап отырамын. Өте өзекті мәселелерді көтеріп жатады.

– Қоғамды алға жылжытатын күш – пікір алуандығы. Сын айтқан адамды жау көру дұрыс емес. Соңғы уақытта сіздің өткір жазбаларыңыз көп талқыланып жүр. Алайда сын айтқаның үшін қысымға, тіпті қоқан-лоқыға тап болу қаупі де бар. Сіз мұндай жағдайларға кезігіп жүрсіз бе? Кезіксеңіз, қалай жауап бересіз?

– Соңғы уақытта Facebook-ке тек көргенімді жазамын. Әдейі сын жазайын деп отырмаймын. Көкейімде сұрақ туса, оқырмандарыммен пікірлескім келеді. Біріншіден, халықтың пікірін білгім келеді. Екіншіден, сұрағыма жауап алғым келеді. Мәселен, жазбамның астына түрлі компания өкілдері келіп, мәселені түсіндіріп, ресми жауаптарын жазып жатады.

Журналист болғаннан кейін халықтың көкейіндегі сұрақтарды қоюды кәсіби міндетім деп ойлаймын. Бірақ кейде жауаптың орнына мүлде басқа сөз естігенде таңғаласың. «Сен неге ондай сұрақ қоясың? Біз форумға шақырмағандықтан, көреалмаушылықпен қарайсың. Сондықтан сондай сұрақ қоясың, сын жазасың» деген жауап болды. Мен сын жазған жоқпын, сұрақ қойдым деп ойлаймын. Жауап аламын деп үміттендім. Қойған сұрақтарым тек менің ғана сұрағым емес, басқа оқырмандар да осы мәселелерді көтеріп жатыр. Сол сұрақтарға жауап аламыз деп ойладым. Бірақ сұрақтар әлі ашық қалды, ешкім жауап берген жоқ. Оның орнына мәселені жеке басыма бұрып жіберді.

ЖЕКЕ ӨКПЕ ҺӘМ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚТАР

– Әңгіме Be Woman форумына қатысты сыныңыз жайлы ғой? Динара Сәтжан сізді форумға шақырмағандықтан ренжіді деп жауап берді. Ол неге мұндай түйін жасады?Сынды жеке өкпемен байланыстыру қаншалықты орынды?

– Өзім де таңғалдым. Біріншіден, форумның қашан өтетінін, оған кімдер қатысатынын ешқашан сұрастырған емеспін. Жыл сайын өтетінін білемін. Шақырған да, барғым келген де жоқ. Қызығушылық танытқан емеспін. Бірақ әлеуметтік желіде болғаннан кейін форумның жай-жапсары, қандай мәселелер көтерілгені туралы білдім.

Динараға хабарласып, анық-қанығын білуге тырыстым. Ол жобаның ұйымдастырушысы емес қой, неге олай жазғанын білгім келді. Мен тек қайырымдылық туралы сұрақ қойып, қанша қаржы жиналғанын, оның қаншасы Қазақстанда қалатынын білгім келді. Журналистің сұрағына жауап беріп, тақырыпты жабудың орнына, жеке басыма өтіп, психологиялық талдау жасауға кірісіп кетті.

Форумда әйелдер мәселесіне қатысты жақсы, күрделі тақырыптар көтерілген шығар. Мен оның жайын білмеймін, маған көрсетпеді. Кеше ғана сіздің сөйлегеніңізді көрдім. Әйелдің өзіне деген сенімі, өзін қолдауы және күресуі туралы өзекті мәселелерді қозғапсыз. Сізді көрген соң қазақтың басқа қыз-келіншектері де қатысқан шығар, мәселе көтерген шығар деп ойладым. Оған дейін тек бай-бағландардың әйелдері бас қосатын алаң деген түсінік болғаны рас.

Водянованы қайта-қайта көрсеткен соң, аукционды көргеннен кейін сұрақ туындады. Қазақстанда аутизмге шалдыққан және басқа да проблемалары бар балалар көп. Сондай отбасыларға қалай көмектесуге болады? ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы қызметі қалай жүргізіледі? Неге олар Қазақстанға келіп, қаражат жинап жатыр? Осы жағы түсініксіз.

Водянованың қоры жиналған ақшаны Ресейде жұмсап, орталықтар ашып жатыр деген ақпараттар бар. Ақшаны жылыстату және басқа да күмәнді жайттар туралы айтылып жатыр. Сондықтан көкейде сұрақ туындады: Елімізде неге бұлай болып жатыр? Қазақстанның кәсіпкерлері неге өз қаражатын шетелге бағыттайды?

Қазақстанда балаларға қатысты мәселе көп. Аутизмге шалдыққан балалар да аз емес. Соларға қандай жағдай жасалып жатыр? Водянованың аты брендке айналғанын білемін. Қазақстанға да үлес қосып, игілікті іс атқарса деп ойладым. Мен ол әйелді сыйлайтынмын. Тек Ресейге немесе басқа елдерге ғана емес, Қазақстанның балаларына да көмектесіп жатыр дегенді көрсем, оны одан сайын сыйлайтын едім. Қайырымдылық жасаушы, филантроп ретінде.

– Сонда жиналған ақша Қазақстанда қалмай ма?

– Бұл сұрақтарды ұйымдастырушыларға қою керек. Олар әлі ашық қалды. Нақты ештеңе айта алмаймын, өйткені білмеймін. Қанша қаражат жиналды, оның қаншасы қалды деген сұрақтарға осы уақытқа дейін жауап берілген жоқ. Оның орнына тақырыпты басқа жаққа бұрып жіберді. Көрермендер мен оқырмандардың есіне осы сұрақтарды қайта-қайта салып отыру керек деп ойлаймын. Нақты фактілер мен цифрлар да, жауап та жоқ.

ЖЕЛІДЕГІ ЖАРИЯЛЫЛЫҚ ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ НЫШАНЫ МА?

– Адамдар жазғаныңызға ренжіп, қысым көрсеткенде психологиялық және моральдық тұрғыдан қалай төтеп бересіз? «Жазбаны өшір» деген қоңыраулар сізді қажытпай ма?

– Біріншіден, қандай да бір мәселе көтеретін мақала жазғанда, мақсатым біреудің жеке басына тиісу емес. Біз журналист болғандықтан, қоғамдағы мәселелерді көтеруіміз керек. Екіншіден, маған да көп адам хабарласады. Өз саламызда бәріміз бір-бірімізді білеміз. Біреулермен доспыз, кейбіреулердің арасында көреалмаушылық та бар. Қоңырау шалушылар көп. Кейде анам арқылы, кейде інім арқылы қолқа салады.

Өмірлік тәжірибем болғандықтан, көп жағдайда түсіністікпен қараймын. Егер қателік жіберсем, жазған мақалам бір адамға, оның жеке басына, отбасына немесе жақынына зиян келтіріп тұрса, әрине, сол жерден тоқтауға болады деп ойлаймын. Өйткені бұл адамның жеке басына залалын тигізуі мүмкін. Бірақ журналист жеке бастың емес, қоғамның мәселесін көтеретіндіктен, оның кәсіби қызметіне килігіп, кедергі келтіре беру дұрыс емес деп ойлаймын.

– Қазір желіде, әсіресе Threads-те отбасылық мәселеден бастап, елдік және жаһандық оқиғаларға дейін ашық талқыланады. Бұл жариялылықты қалай бағалайсыз?

– Threads-ке қарасаң, тек Қазақстанға тиесілі желі сияқты. Шетелдіктердің жазбалары сирек кездеседі. Жаз0балардың дені – өзіміздің қазақтардың пікірлері мен оқиғалары. Жас та, кәрі де, әйел де, еркек те жазады. Бұл – заман талабы. Қазіргі заманның лакмус қағазы сияқты. Бүгін осы желі назарда болса, ертең басқасы сұраныста болады.

Адамдардың бәрін жаппай жазуының себебі – басынан өткен жағдай тек өзінің жеке мәселесі емес, қоғамның да мәселесі. Біз осы қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қандай да бір мәселені қоғамға, басқа қазақстандықтарға, үкіметке жеткізу керек. Мүмкін, сол арқылы тиісті жерге жетіп, мәселенің шешілуіне ықпал етер.

Осындай мүмкіндіктер арқылы мониторинг жасап, қазақстандықтардың қалай өмір сүріп жатқанын, қандай мәселелер барын, оларды қалай шешу керегін қарастыруға болады. Менің ойымша, бұл – адамдарға өз мәселесін жеткізіп, бөлісуге мүмкіндік беретін алаң.

ҚҰЛАҚТАН ШЕРТУ ҚАЗАҚЫЛЫҚ ПА, ӘДЕПСІЗДІК ПЕ?

– Осы аптада Threads-те қандай тақырыптар өзекті? Халық не талқылап жатыр?

– Менің байқағаным, Халық кеңесінің мүшесі, белгілі кәсіпкердің жас жүргізушінің құлағын шерткені қызу талқыланып жатыр. Бұл қазақылықтың белгісі ме, әлде адам құқығына қол сұғу ма деген тақырыпта жастар пікір таластырып жатыр.

– Иә, Жұмабек Жанықұлов фильмнің премьерасындағы әрекеті үшін сынға ілікті. Бұл жағдайды қалай қабылдадыңыз?

– Әрине, дұрыс емес. Бір-бірінің құлағын шертісіп ойнайтындай құрдастар емес. Бұрын 50 жасқа таяған азаматтарды ақсақал дейтін, қазір көзқарас басқа. Десе де, қоғамда салмағы бар кәсіпкер, оның үстіне Халық кеңесі сияқты беделді органның мүшесі болғандықтан, оның іс-әрекеті үнемі қоғам назарында болады.

Құлақтан шертпек түгілі, саусағымен нұсқап шақырғанының өзі ерсі көрінді. Жүргізушінің қасына барып, мәдениетті түрде түзету жасауға болар еді деп ойлаймын. Өзінің әйелі де жүргізуші ғой. Оған өзгелер сондай қарым-қатынас көрсетсе, ұнай қоймас еді.

– Бұл оқиғаны фильмнің жарнамасы десті.

– Керісінше, осы оқиғадан кейін бұл фильмге бармаймын деп шештім. Бұған дейін жастар түсірген барлық фильмді көруге тырысушы едім.

– Бұл жағдайдан қалай шығу керек еді?

– Біріншіден, жасалған әрекеттің дұрыс болмағанын мойындап, кешірім сұрауы керек еді. Бірақ олар оқиғаны жарнамамен байланыстырып, мәселені одан сайын ушықтырып жіберді. Ешкім бұл жағдайға бола киноға барып жатқан жоқ.

Артынан Жұмабек мырза әлгі жігітпен сөйлескендерін айтып, екі қолын қалтасына салып тұрған суретін жариялап, «бәрі жақсы» деген сарында жазба жариялады. Бірақ оның екі қолын қалтасына салып сөйлескенінің өзі дұрыс болмаған сияқты. Бірден кешірім сұраса, жағдай басқаша болар еді деп ойлаймын.

– Біз журналист ретінде Құрылтай депутаттарын, Халық кеңесінің де әр мүшесі назарда ұстаймыз. Кез келген әкім мен министрдің әрекетін қадағалаймыз. Қоғамдық-саяси қызметтегі азаматтар әр сөзі мен әрекеті үшін жауап беретінін қашан ұғады?

– Еуропада да, басқа өркениетті елдерде де саяси қызметтегі адамдардың әрекеті бақылауда болады. Қоғамдық мәселелерді көтеріп жүрген адамдардың өздері де назарда болуы керек. Мысалы, Жапонияда немесе Кореяда мемлекеттік қызметтегі адамның қандай көлікпен жүргеніне дейін бақылауда. Мемлекеттік көлікпен барды ма, жоқ па деген сияқты мәселелер де қаралады. Бұл – қалыпты нәрсе.

Сондықтан бізде де мұны жеке өмірге араласу деп қарастырып, журналистерді шектей беруге болмайды. Қоғам алдында жүрген адам туралы журналистердің көргенін жазып, сұрақ қоюы заңды.

ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫНЫҢ ӘРЕКЕТІ ЖӘНЕ КӘСІБИ ЖАУАПКЕРШІЛІК

– Одан бөлек, Құрылтайдың бірінші отырысында журналист Армангүл Тоқтамұраттың тілші сұрағынан қашып, теріс айналуы көп әріптесті ұялтты.

– Иә, ұят жағдай болды. Мұндайды басқа адамдардан емес, өз әріптестерімізден көргеннен кейін, одан сайын қынжылдық. Журналистің журналистен теріс айналуы, сұрақтан қашуы дұрыс емес. Бұл жөнінде желіде өз пікірімді жазғанмын. Оқырмандар да Армангүлдің әрекетін құптай қоймады.

Ел ішіндегі барлық мәселені жақсы білетіндіктен, білікті, сауатты журналистердің Құрылтайға барғанына қуанамыз. Алайда Армангүл дайын мәтінді оқумен шектелгенін, кәсіби біліктілігі төмен екенін көрсетті.

Бұдан бөлек, Парламенттегі адам мәселемді шешуге көмектеседі деген үмітпен алдына келген әйелдің де мәселесін шеше алмай, басқа заңгерге сілтеген. Адвокат көп қой. Көмек сұрап келген әйелдің өзі де адвокат таба алар еді. Бірақ ол депутат болған соң көмектеседі деген соңғы үмітпен келген ғой. Шарасыз әйелді қайтарып жіберуі оның депутат ретіндегі деңгейін көрсетті. Мен осы мәселені де көтеріп жаздым. Жаңа Конституция қабылданып, жаңа парламентіміз құрылған соң, заң шығарушы органда біліктілігі жоғары, сөзі мен ісінің салмағы бар адамдар отырса дейсің. Бір адамның қателігі бүкіл институттың беделіне нұқсан келтіретінін ескеру керек.

ТЕГІН АСҚА ТАЛАС: БІЗ ҚАЙ ТҰСТА МҮЛТ КЕТТІК?

– Жуырда Ақтауда жаңа вокзалдың ашылуындағы оқиға да түрлі пікір тудырды. Бауырсаққа таласқан жұрттың әрекетін сынаушылар аз болған жоқ. Тегін асқа таласып, бірін-бірі таптаған жұртты жиі көретін болдық. Бұл нені аңғартады?

– Соңғы жылдары түрлі нысанның ашылуына халықты тарту үшін тегін өнім үлестіру белең алды. Адамдар тегін палау, тегін бауырсақ алу үшін бірін-бірі таптап кете жаздайды. Бұл мәселенің тамырына үңіліп, дұрыс-бұрысы таразыланбағандықтан, осындай оқиғалар қайталана береді.

– Проблеманың көбі мәдениетке келіп тіреледі. Қоғамда мәдениет пен адамгершілік құндылықтарды орнықтыру үшін идеологиялық жұмысты қалай жүргізу керек?

– Дұрыс айтасыз, ішкі мәдениеті биік адам біреудің құлағын шертпейді, өзгенің отбасын бұзбайды, тамаққа таласып біреуді таптамайды, өзгенің ақысын жемейді, жемқор болмайды. Идеология мықты болса, халықтың рухани қазығы берік болады, мәдениеті де қалыптасады. Мәдениет болған жерде осындай болмашы дүниелерді талқылап отырмас едік.

Тәрбие отбасынан басталатынын ұмытпау керек. Бала айтқаныңды емес, көргенін қайталайды. Кейде білімсіздік, надандық туралы айтамыз. Бірақ басқа мемлекеттерге қарасаң, мысалы, Түркияда азаматтардың бәріндей бірдей жоғары білім жоқ. Алайда аяқ киім тазалайтын адамның өзі сондай мәдениетті, бір-біріне деген сыйластығы таңғалдырады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен қоғам ұтылмайды.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан көріңіздер.