×
483.23
534.74
5.12
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
483.23
534.74
5.12

Путиннің қасы, Украинаның досы: НАТО-ның жаңа бас хатшысы Марк Рютте кім

01.10.2024, 16:08
Путиннің қасы, Украинаның досы: НАТО-ның жаңа бас хатшысы Марк Рютте кім
Global Look Press

НАТО-ның бас хатшысы қызметіне кіріскен Марк Рютте алдағы жұмысындағы басым бағыттарды атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘЛІМДЕМЕ

Сейсенбі күні қызметіне кіріскен Марк Рютте бірден Украинаны қолдап, Ресейді тоқтату мәселесіне баса мән беретінін мәлімдеді.

"Біз (альянсқа мүше елдер – ред) қорғанысқа көбірек ақша жаратуымыз керек. Біз ұжымдық қауіпсіздігімізді күшейтуіміз керек. НАТО-ның басты миссиясы өзгерусіз қалады; біз адамдарымызды, халқымызды, құндылығымызды берік қорғауымыз керек” деп келтіреді немістің dw.com сайты Марк Рюттенің сөздерін.

Сондай-ақ ол АҚШ-тағы сайлауда қай жеңгенімен де істесе алатынын айтады. 2017-2021 жылдары Трамппен жұмыс істеген тәжірибесі барын еске салған ол Трамп НАТО-ның көбірек шығындалғанын қалағанын, әрі соған қол жеткізгенін атап өтті. Камала Харрис туралы тіптен жылы пікір білдіріп, оның артында вице-президент ретінде тындырылған қыруар іс барын айтты.

УКРАИНА ЖАҚТАСЫ, ПУТИНГЕ СЫН АЙТУШЫ

Марк Рютте – бұған дейін Нидерландының үкіметін 14 жыл басқарған 57 жастағы тісқаққан саяси ойыншы. Ол биліктен басқаруш коалицияның көші-қон саясаты мәселесіндегі сәтсіздігінен кейін қызметінен кеткен. Премьер-министр болып тұрғанында Украинаға көбірек қару беруді жақтап, Ресей президенті Владимир Путинді өткір сынайтын.

ВВС Рютте халықаралық аренада өзін алғаш 2014 жылы Malaysian Airlines әуекомпаниясының MH17 рейсін ресейлік зымыран атып түсірген кезінде көрсеткенін атап өтті. Сол апатта қаза тапқан 298 адамның 196-сы нидерландылық болатын. Ол сол кезде кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берген.

Рюттенің жетекші ретіндегі стилі өте мақсатшыл, әрі жағдайға тура қарайтын адам ретінде суреттеледі. Кей дипломаттар Рютте тура алдыңғылар сияқты, бірақ ауқымдырақ әрі басқарақ істейді деп болжайды.

Сарапшылар жаңа хатшының келуімен альянс жұмысынан түбегейлі өзгеріс күтпейді. Әрі көп нәрсе Рюттенің альянсқа мүше 32 ел басшыларын конзенсусқа келтіруіне байланысты болмақ. Өйткені кейде НАТО ішінде де қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болатын жағдайлар ұшырасады. Сондықтан мұнда әскери күштен бөлек, саяси бірлікті ұйымдастыра білу маңызды саналады.

РЮТТЕ АЛДЫНДА ТҰРҒАН МІНДЕТТЕР

Рютте шешуге тиіс мәселе НАТО-да шаш етектен. Алдымен Дональд Трамп АҚШ президент бола қалса, оның НАТО-ға деген күмәнді көзқарасы бірақ қиындық тудыруы мүмкін. Одан бөлек альянс күштерін шығыс шекараға көбірек шоғырландыру мәселесі бар. Украинаны НАТО-ға мүшелікке қабылдау мәселесінде қандай да бір шешімдер өз кезегін тосып тұр. Оған әскери көмек көрсету өз алдына жеке тақырып.

Оның сыртында альянс мүшелерінің әскери шығынды арттыру жайы бар. НАТО елдері үшін қаржылық жүктемені әділ бөлу өте ауыр тақырып. Бүгінде шығынның көбін АҚШ арқалайды. Бүгінде ұйымның 32 мүшесінің 23-і шығын мақсатын ЖІӨ-нің 2%-ына жеткізе алды. 10 жыл бұрын мақсат қойылғанда межеге жететіндердің саны үш ел ғана болған. Рюттенің отаны – Нидерландының өзі жуырда ғана осы бюджеттік мақсатқа жеткен.

НАТО-ның көптеген шенділері қосымша әскер мен қарулану альянстың қорғаныс жоспарына сай келуі үшін қаржыландыруды ЖІӨ-нің 2,5% тіпті одан көп бөлігіне теңестіру керектігін айтады.

УКРАИНАНЫ ҚОЛДАУ

Рюттенің алғашқы міндеті альянс күшелерінің кейбірінің құбылып тұрғанына қарамастан, Украинаға қолдауды сақтау болып отыр. Соңғы кезде Венгрия кей қару түрлерін жеткізуден бас тартып, АҚШ пен Германия Киевтің НАТО-ға ықтималды мүшелігіне күмәнмен қарай бастаған. Одан бөлек альянс ішінде Украина жеңіске жете ме, бейбіт келісімдер қандай формада болады деген мәселелерде де белгісіздік белең ала бастаған. Рюттенің бұл тұстағы жетістігі – ұйым мүшелерін НАТО уәде еткен 40 миллиард еуро көлеміндегі көмекті биыл беруге көндіру болмақ.

РЕСЕЙМЕН ҚАТЫНАС

Вашингтонда шілдеде өткен саммитте ел көшбасшылары Рюттеге таяу уақытта Ресеймен қарым-қатынасты қалай құруды анықтау туралы маңызды міндет қойған. Бұл тұста альянс ішіндегі көзқарас бірдей емес. Айталық, Балтық елдері әдеттегідей Ресеймен қатаң қатынас ұстану керектігін айтса, Венгрия мен Түркия жұмсақ тәсілдерді құптайды. Балтық елдері Украинадағы басқыншылықтан кейін Ресейдің НАТО-дағы консультативтік кеңесін жойып, қарым-қатынасты жаңа жағдайды ескере отырып, жаңа жерден бастауды қалайды. Ресейге қатысты жұмсақ көзқарастағы елдер Украинадағы жағдайдың барысын бағып, жаңа форматты таңдағанға дейін жағдайдың бейбіт шешілуін күтуді құп көреді. Рюттеге осы жағдайларда оңтайлы шешім іздеу оңайға соқпасы анық.