×
484.11
528.79
5.03
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
484.11
528.79
5.03

Ұрланған байлық: Қазақстанға шет елдерден 205 млн доллардың активі қайтарылды

02.10.2024, 12:05
Ұрланған байлық: Қазақстанға шет елдерден 205 млн доллардың активі қайтарылды
Ulysmedia коллажы

Қазақстанға басқа мемлекеттерден 205 млн доллардың активтері қайтарылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатқанын мәжіліс кулуарында Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР 

Қойгелдиев шетелден 205 млн доллар қайтарылғанын айтады. 

– Бұл жұмыс белсенді түрде жалғасып жатыр. Қаражат азаматтарымыздың әлеуметтік қажеттіліктеріне бағытталады. Ал тексеру – бұл аудиторлық палатаның шаруасы. Біз оны ерекше бақылауда ұстаймыз, – деді ол.

КІМДЕРДЕН АҚША ҚАЙТАРЫЛДЫ 

Бұл ретте, Бас прокурордың орынбасары активтерді қайтару үшін арнайы комиссия құрылғанын, тізілім бар екенін, алайда ақпарат тек шектеулі адамдар ғана
қолжетімді екенін мәлім етті. 

– Сіздер түсініңіздер. Біз бәрін аша алмаймыз. Имидждік бедел бар, – деп атап өтті Ғалымжан Қойгелдиев.

ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТЕР ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ 

Бас прокурор орынбасарының айтуынша, қайтарылған активтер үшін мемлекеттік мүлік комитетін бақылайтын арнайы қор құрылған.

Сондай-ақ, журналистер "қайтарылған активтер біреудің қалтасынан екіншісінің қалтасына түсіп кетпей ме?" деп сұраған. Оған Қойгелдиев "жоқ" деп жауап берді.

ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕДІ

Жалпы елде заңсыз иемденілген активтерге жауапты «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (ҚАБК) құрылған. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың жауабына сүйенсек, ақшалай нысандағы активтерді қоспағанда, ерікті немесе мәжбүрлі сипатта мемлекет меншігіне қайтарылған активтер осы ҚАБК-ның – Басқарушы компания мүлкі құрамына қабылданады.

Дәурен Темірбековтың сөзінше, 2024 жылдың 9 қыркүйектегі жағдай бойынша қорға түсімдер 176,3 млрд теңгені құраған. Оның ішінде Басқарушы компаниядан түскен қаражат 5,7 млрд теңге (активтерді сатудан және басқарудан қаражат). Бұл – бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бөлінген сомаға тең қаражат.

Қор қаражатты әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсайды. Қор қаражаты есебінен қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібі Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау қағидаларында айқындалған. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган – Ұлттық экономика министрлігі.