×
$
443.62
€
492.24
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
443.62
€
492.24
₽
5.36

Қазақстан байлығын басқаратын қор: триллиондарға кім жауапты, миллиондар кімнің қалтасында

Бүгін, 10:50
Қазақстан байлығын басқаратын қор: триллиондарға кім жауапты, миллиондар кімнің қалтасында
Ulysmedia.kz коллажы

 «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «ҚТЖ» басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны Қазақстандағы ең ірі мемлекеттік холдингке жұрт назарын бұрынғыдан да күшейтті. Қор триллиондаған теңгенің активін басқарады, ондаған ұлттық компанияны біріктіреді және олардың инвестициялық саясатына ықпал етеді. Басшылары миллиондаған теңге сыйақы алады, ал активтерді басқару тиімділігі жиі сынға ұшырап келеді.

Ulysmedia.kz тілшісі қорды кімдер басқаратынын, топ-менеджерлердің қанша табыс табатынын және сарапшылардың «Самұрық-Қазына» қорын басқару моделін не себепті қайта қарауды ұсынып жүргенін зерттеді.

РОТШИЛЬДТЕН ҰЛТТЫҚ ӘЛ-АУҚАТ ҚОРЫНА ДЕЙІН

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2008 жылы құрылған. «Самұрық» холдингі мен «Қазына» орнықты даму қоры біріктірілген еді. Бүгінде қор елдегі ең ірі ұлттық компаниялардың активтерін басқарады. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком», KEGOC, Air Astana және «Самұрық-Энерго» бар.

Қор өз тобына кіретін компаниялардың қаржы, инвестиция, өндіріс және кадр саясатын айқындайды. Ұлттық компаниялардың басшыларын тағайындау мәселесіне қатысып, ірі жобалардың жүзеге асырылуын қадағалайды.

Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорын 2023 жылдың сәуірінен бері басқарып келеді. Оның еңбек жолы туралы бұған дейін де жазғанбыз.

2023 жылдың сәуірінде сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов Жақыповты қор ұжымына таныстырып, жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеген. Олар инвестиция тарту, энергетика, инфрақұрылым, көлік логистикасы және отандық өндірушілерді қолдау мәселелерін қамтыды.

Арада үш жыл өткенде Жақыповтың есімі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғаны туралы хабарламасында аталды. 2026 жылғы 11 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі оны «ҚТЖ» басшысы Елжас Отыншиевпен және басқа да адамдармен бірге ұстады. Тергеу барысы туралы әзірге ведомство қосымша мәлімет жариялаған жоқ.

«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАДАН» «ҚТЖ» БАСШЫЛЫҒЫНА ДЕЙІН

Елжас Отыншиев 39 жаста. Ол Мәскеу физика-техникалық институтын «Қолданбалы математика және физика» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бастап, бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу жұмыстарымен айналысқан.

2009 жылы «Тау-Кен Самұрыққа» жұмысқа орналасып, кейін «Самұрық-Қазына» қорының инвестициялық бөлімшелерінде қызмет етті. 2019–2021 жылдары PlanetCare Management компаниясында инвестиция және даму жөніндегі бас директордың орынбасары болды.

2021–2023 жылдары Отыншиев Қазақстандық инвестициялық даму қорының (KIDF) басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Сол кезеңде бұл ұйымды Нұрлан Жақыпов басқарған.

2023 жылғы сәуірде Жақыпов «Самұрық-Қазынаның» басшылығына келген соң, Отыншиевқордың стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директорының орынбасары болып тағайындалды. Ал 2025 жылғы сәуірден бастап осы бағытқа жауапты басқарушы директор қызметін атқарды. Оған мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да салалардағы портфельдік компаниялармен жұмыс істеу міндеті жүктелді.

2024 жылғы ақпаннан бастап Отыншиев «ҚТЖ» директорлар кеңесінің құрамына да кірді. 2026 жылғы шілдеде ұлттық теміржол компаниясының басшысы болып тағайындалды. Ал сол жылдың тамызында «Самұрық-Қазына» басқарма құрамынан шығарылды. Оның орнына Жандос Қайыргелді келді.

Осылайша, кейін квазимемлекеттік сектордағы ең ірі екі құрылымның басшылығына келген Жақыпов пен Отыншиев қазіргі қызметтеріне тағайындалмай тұрып-ақ бірге жұмыс істеген.

ҚОРДЫ ТАҒЫ КІМДЕР БАСҚАРАДЫ?

«Самұрық-Қазынаның» ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, қор басқармасының құрамында төрағаны қосқанда жеті адам бар.

Айдар Рысқұлов экономика және қаржы мәселелеріне жауап береді. Қор басқармасына 2023 жылғы тамызда кірген. Бұқар жырау атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Заңгерлік білімі және Назарбаев университетінің MBA дәрежесі бар. Еңбек жолын «Қазақстан темір жолында» инженер-экономист болып бастаған. Кейін АТФБанк, Банк ЦентрКредит, Халық банкі және Еуразиялық банкте жұмыс істеген. 2012 жылы «Самұрық-Қазына» қорына ауысып, қаржы активтері мен корпоративтік қаржы мәселелерімен айналысқан. Сондай-ақ «Самұрық-Энергода» қызмет етіп, кейін бас қорға қайта оралған.

Салтанат Сәтжан даму және жекешелендіру бағытына жауапты. «Болашақ» бағдарламасымен Австралия ұлттық университетінде білім алған. Ұлыбританиядағы Уорвик университетінде MBA дәрежесін иеленген. ACCA халықаралық біліктілігі бар. Қаржы, аудит және экономикалық талдау салаларында, соның ішінде әлемдегі «Үлкен төрттікке» кіретін компаниялардың бірінде жұмыс істеген. «Самұрық-Қазынада» әуелі экономикалық талдау секторын, кейін жиынтық-талдау жұмыстары мен бақылау департаментін басқарған. Қор басқармасына 2023 жылғы тамызда кірді.

Николай Казутин құқықтық сүйемелдеу, қамтамасыз ету және тәуекелдер бағытына жауап береді. Қор басқармасының құрамында 2022 жылғы наурыздан бері бар. Мамандығы – бухгалтер және аудитор. Сақтандыру компанияларында және PricewaterhouseCoopers ұйымында жұмыс істеген. Кейін Шығыс Қазақстан өңірлік энергетикалық компаниясының ішкі аудит қызметін басқарды. 2020–2022 жылдары Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары болды.

Бақытжан Таубаев стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директордың орынбасары. Қазақстан-Британ техникалық университеті мен Турин политехникалық университетін бітірген. Еңбек жолын инженер болып бастап, мұнай-газ саласындағы «Жамбыл Петролеум», «Сәтпаев Оперейтинг», «Исатай Оперейтинг Компани» және «Жеңіс Оперейтинг» компанияларында жұмыс істеген. 2023 жылы мемлекеттік қызметке ауысып, Энергетика министрлігінің газ өнеркәсібі департаментін басқарды. 2025 жылғы маусымда қор басқармасының құрамына енді.

Аблайхан Оспанов қордағы цифрландыру бағытына жауап береді. Информатика, заң және бизнес әкімшілендіру салалары бойынша білім алған. Ақпараттандыру және электрондық қызметтерді дамытуға жауапты мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеген. 2017–2019 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын басқарды, цифрлық даму вице-министрі болды. Кейін Freedom Bank, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және «Қазақтелекомда» қызмет атқарды. Қор басқармасына 2025 жылғы қарашада кірді.

Жандос Қайыргелді стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директордың орынбасары. Ол 2026 жылғы 27 тамызда басқарма құрамына Елжас Орыншиевтің орнына сайланды.

Осылайша, қордың қазіргі басшылығы банк саласында, инвестициялық компанияларда, мемлекеттік органдарда және мұнай-газ секторында еңбек еткен мамандардан құралған.

ЖАҚЫПОВҚА ДЕЙІН ҚОРДЫ КІМДЕР БАСҚАРДЫ?

«Самұрық-Қазына» құрылғаннан бері оның тізгінін бірнеше адам ұстады.

2008 жылы біріккен қордың алғашқы басқарма төрағасы болып Қанат Бозымбаев тағайындалды. Ол бұл қызметті 2011 жылға дейін атқарды.

2011 жылы қорды Тимур Құлыбаев басқарды.

Алайда ол бұл қызметте ұзақ отырмай, сол жылы орнына Өмірзақ Шөкеев келді. Шөкеев 2017 жылға дейін басқарма төрағасы болды.

2017 жылғы желтоқсанда қор басшылығына Ахметжан Есімов тағайындалды. Ол 2021 жылғы наурызға дейін қызмет етті. 

Одан кейін бұл орынға Алмасадам Сәтқалиев келіп, 2023 жылғы сәуірге дейін қорды басқарды.

2023 жылғы сәуірде «Самұрық-Қазынаның» тізгіні Нұрлан Жақыповқа тапсырылды. Қазір де ол қордың басшысы ретінде көрсетілген.

ҚОР БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ ТАБЫСЫ ҚАНША?

Ұлттық активтерді басқаратын топ-менеджерлердің алатын сыйақысы да назар аудартады.

Қордың есебінде көрсетілгендей, 2023 жылы «Самұрық-Қазына» басқармасының алты мүшесіне жалпы сомасы 573,7 млн теңге сыйақы төленген. Бұл бір адамға шаққанда жылына орта есеппен 95,6 млн теңгеден келеді.

Алайда 2023 жылдан бері қор басқармасы мен директорлар кеңесі мүшелеріне төленетін сыйақының нақты мөлшері жарияланбайды. Шоғырландырылған есепте енді бүкіл холдинг пен оған қарасты еншілес ұйымдардың басшылық құрамына төленген жиынтық қаражат қана көрсетіледі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл сома 7,686 млрд теңгені құраған. 2025 жылы да шамамен сол деңгейде қалып, 7,685 млрд теңге болған.

Бұл қаражатқа қордың өзіндегі және оған қарасты компаниялардағы директорлар кеңесі мен басқарма мүшелерінің сыйақысы кіреді. Оның құрамында жалақы және операциялық нәтижелерге қол жеткізуге байланысты өзге де төлемдер бар.

Редакция «Самұрық-Қазына» басқармасының өзіне төленуі мүмкін сыйақы көлемін шамамен есептеп көрді. Ол үшін 2023 жылғы нақты дерек негізге алынды: басқарманың алты мүшесіне 573,7 млн теңге төленген. Демек, бір адамға шаққандағы орташа жылдық сыйақы 95,6 млн теңге болған.

Осы соманы бағдар ретінде алып, басқарма мүшелерінің санындағы өзгерістерді ескергенде, мынадай болжамды есеп шығады:

  • 2024 жыл – шамамен 575–600 млн теңге;
  • 2025 жыл – шамамен 650–670 млн теңге.

Бұл – ресми дерек те, нақты төленген қаражат та емес, тек шамамен жасалған есеп. Мұнда әр басшының жеке жалақысы, басқарма құрамындағы өзгерістер, жекелеген басшылардың қызмет атқарған мерзімі мен сыйақы көлеміндегі айырмашылықтар ескерілмеген. Сондықтан нақты төлемдер бұдан өзгеше болуы мүмкін.

Айта кетейік, 2025 жылы басқарма құрамында бірнеше өзгеріс болды. Ернат Бердіғұлов наурызда қызметінен кетті. Оның орнына Отыншиев келді. Тамызда Отыншиевтің орнын Қайыргелді басты. Ал Оспанов қарашада басқарма құрамына қосылды.

Қордағы сыйақы жүйесі тұрақты және өзгермелі бөліктерден тұрады. Өзгермелі бөлігі директорлар кеңесі бекітетін корпоративтік және функционалдық тиімділік көрсеткіштерінің орындалуына қарай төленеді.

2025 жылға арналған көрсеткіштер қатарында инвестициялық және көміртегі шығарындыларын азайту жобаларын жүзеге асыру, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, ашықтықты арттыру, қауіпсіздік мәдениетін дамыту және сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту міндеттері болған.

2025 жылғы маусымда Жақыпов сыйақы жыл қорытындысы бойынша, белгіленген тиімділік көрсеткіштері орындалған жағдайда ғана төленетінін түсіндірген. Бұл жөнінде шешімді директорлар кеңесі қабылдайды. Егер көрсеткіштер орындалмаса, сыйақы мүлде берілмеуі мүмкін.

Сол кезде қор басшысы топ-менеджерлердің нақты қанша алатынын жариялай алмайтынын айтқан. Ол мұны Сингапурдың Temasek және Біріккен Араб Әмірліктерінің Mubadala секілді құрылымдарында да осындай корпоративтік тәжірибе қалыптасқанымен түсіндірген.

Нұрлан Жақыповтың жеке табысы да назар аудартады. Ол декларациясында 2022 жылы өз бетінше салық салынатын табыс ретінде 422,1 млн теңге көрсеткен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 186,5 млн теңге, ал 2024 жылы 197,3 млн теңге болған. Үш жылдағы жиынтық табысы шамамен 806 млн теңгеге жетеді.

ҚОРДЫ БАСҚАРУДА ҚАНДАЙ ОЛҚЫЛЫҚТАР БАР?

«Самұрық-Қазынаның» жұмысына қатысты сын қор басшылары ұсталғанға дейін де айтылып келген. 2025 жылғы қарашада Жоғары аудиторлық палата қор мен оның тобына кіретін 18 компанияның қызметіне жүргізілген тексеру нәтижелерін жариялады. Аудиторлар холдинг құрылымының тым күрделі екенін атап өтті.

Қор тобына басқарудың алты деңгейіне бөлінген 326 компания кірген. 2020–2024 жылдар аралығында олардың 23-і мүлде жұмыс істемеген. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынға батқан.

Бұдан бөлек, топ 2020 жылдан 2024 жылғы қыркүйекке дейін жүзеге асыруға кіріскен 175 инвестициялық жобаның тек 49-ы ғана аяқталған.

Аудит барысында 351,8 млн теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған. Сондай-ақ 122,2 млрд теңгені жоспарлау мен игеру кезінде тиімсіздікке жол берілгені және жүйелі сипаттағы 119 кемшілік бары белгілі болған. Тексеру материалдарының бір бөлігі құқық қорғау органдарына жолданған.

«КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРДЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ ІШТЕЙ ІРІП-ШІРІГЕН»

Экономист Мақсат Халық «Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» басшыларының ұсталуын квазимемлекеттік сектордағы тұтас жүйенің мәселесімен байланыстырады.

– Бұл квазимемлекеттік секторды басқару жүйесінің іштей қаншалықты іріп-шірігенін көрсетеді. «Самұрық-Қазынаны» алғаш құрғанда экономиканың дамуына серпін беретін ұлттық холдинг болады деген мақсат қойылған. Алайда қазір меніңше, қор экономикаға пайдасын тигізудің орнына, оның дамуына кедергі келтіріп отыр. Бәсекелестіктің орнына монополиялар мен олигополиялардың күшейгенін көріп отырмыз. Еншілес құрылымдар, сатып алулар және басқа да тетіктер арқылы орасан зор қаражат қайта бөлінеді. Соның айналасында түрлі схемалар қалыптасқан, – дейді ол.

Экономистің пікірінше, Қаңтар оқиғасынан кейін қордағы кадрлық ауыс-түйістер басқару жүйесін өзгерте алмады.

– Мұнда түбегейлі реформа қажет. Жүйені тамырынан өзгерту керек. Қаңтар оқиғасынан кейін қызметкерлер қысқартылды, кейбір мекемелерде штат саны екі есеге жуық азайды. Бірақ негізінен кейін жұмысқа келгендер қысқартуға ілікті. Ал ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте отырып, осы жүйені қалыптастырған адамдар орнында қалды. Сондықтан басқару моделі сол күйі өзгерген жоқ, – дейді сарапшы.

Мақсат Халық еншілес компаниялардың қызметіндегі ашықтық пен олардың жұмыс тиімділігін де өзекті мәселе санайды.

– Көптеген еншілес компания нақты экономикалық көрсеткіштерін жарияламайды, жұмысының тиімділігін де дәлелдей алмай отыр. Ал сол мекемелердің қызметкерлері еңбек өнімділігінің төмендігін, жұмыс уақытының созылып кететінін, іссапарлардың жұмыс қажеттілігінен гөрі саяхатқа көбірек ұқсайтынын айтып жатады. Мұның бәрі дәл осылай болып жатыр деп кесіп айта алмаймын, бірақ осындай әңгімелерді жиі естимін, – дейді ол.

Экономист холдинг ішіндегі мансаптық өсудің де қиын екенін айтады.

– «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компанияларда жұмыс істеген таныстарым бар. Олардың айтуынша, белгілі бір деңгейге дейін өсуге болады, бірақ одан әрі жоғарылау үшін таныс-тамыр қажет. Кейбір лауазымдарға алдын ала «парашютпен түсетін» адамдарды тағайындайды. Олар тіпті сол жұмыстың қыр-сырын білмеуі мүмкін, бірақ өзгелерден нәтиже талап етеді. Ақыр соңында, қабілетті мамандар жұмыстан кетіп, тіпті шетелге де кетіп жатыр. Адам білімі мен еңбегінің арқасында өсе алатынын көрмесе, ондай жерде қалғысы келмейді, – дейді Мақсат Халық.

ТАРАТУ КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ РЕФОРМАЛАУ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

«Самұрық-Қазынаның» болашағы туралы пікірталас бұған дейін де болған. 2025 жылғы маусымда редакция қорды тарату туралы ұсынысты зерттеп, сарапшылардың пікірін жинаған еді.

Сол кезде Мақсат Халық қорды таратып, оның активтерін тиісті министрліктердің қарамағына беруді ұсынған. Оның пікірінше, мемлекет стратегиялық компаниялардағы үлесінің кемінде 50 пайызын сақтап қалуы керек. Қалған акцияларды біртіндеп жеке инвесторларға беру немесе халықтық IPO арқылы сату қажет.

Ал Расул Рысмамбетовтің ұстанымы өзгеше. Оның айтуынша, қарызы мен мойнындағы міндеттемелеріне байланысты қорды жай ғана жауып тастау мүмкін емес. Оның үстіне, кейбір ұлттық компаниялар шығынға жұмыс істесе де, әлеуметтік міндеттерді атқарып отыр.

Экономист бұған «ӨзенМұнайГазды» мысалға келтірген. Егер «ҚазМұнайГаз» толықтай жекеменшікке өтсе, оның шығынға батып отырған еншілес компаниясы әлеуметтік міндеттемелеріне байланысты қиын жағдайға тап болуы мүмкін.

Соған қарамастан, Рысмамбетов қорды реформалау қажет деп есептейді. Оның пікірінше, мемлекеттік компаниялардың коммерциялық және әлеуметтік міндеттерін нақты ажырататын уақыт жетті.

ЕНДІ НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

«Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» басшыларының ұсталуынан кейін мемлекеттік активтерді басқарудың ашықтығы тағы да күн тәртібіне шықты. Қор жүздеген компанияны біріктіріп, стратегиялық ресурстарды басқарады және экономиканың негізгі салаларына ықпал етеді. Алайда соңғы жылдары оның басшылығына төленетін сыйақының нақты көлемін еншілес компаниялардағы төлемдерден бөліп анықтау қиынға соғып отыр.

Сарапшылардың бірі холдингті тарату керек десе, енді бірі оны түбегейлі реформалау жеткілікті деп санайды. Дегенмен бәрінің пікірі бір арнаға тоғысады: қолданыстағы басқару жүйесін қайта қарау қажет.

Ендігі мәселе тек Жақыповтың орнына кімнің келетіні емес. Ең маңыздысы – Қазақстанның ұлттық байлығын басқару тәсілі өзгере ме, жоқ па?

Сізге қызық болуы мүмкін