Осы сұрақты көтеріп, бүгін Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Нартай Аралбайұлы биліктің құжат жүзіндегі жағымды жаңалығына сеніп сан мәрте сан соққан жұрттың жанайқайы жайында сөз сөйледі. Айтуынша, Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп кесіп айтқа.
– Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді, – дейді ол.
УӘДЕНІ ҮЙІП-ТӨККЕН
Депутат аталған мәселені былтыр қыркүйекте Мәжілістің төрінде көтергенде Үкімет өкілдері, салалық министр «жалақыны өсіреміз» деп уәдені үйіп-төккен. Бұл жолы оттан көйлек киіп орман өртімен күресетін мамандардың жалақысы өсер деп қатты үміттендік дейді ол, алайда 1 жыл дегенде ақжолтай ақпарат келмеген.
– 2024 жылдың 1 шілдесінде премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы қаулыға қол қойды. Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілді. Бөркімізді аспанға атып алақайладық.
Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар еді. Шіліңгір шілдеден бастап жалақымыз еселеп артады деп елдің еңсесі тіктеліп қалды. Бірақ, 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде. Себебі аталған қаулы Қызылорда облысында, Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деген дерек келді. Орманшылардың жазған арызы да міне менің қолымда, – дейді депутат.
БЮДЖЕТТЕ ҚАРЖЫ ЖОҚ
Нартай Аралбайұлы орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылғанын, ол қамбада қаржы жоқ екенін айтады. Қаулысы бар да қаржысы жоқ.
– AMANAT партиясы бұл жағдайды бірнеше рет көтергенін қаперлеріңізге сала кетейін. Салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді. Жоғарыда айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамассыз етуіңізді сұраймын, – дейді ол.
СЕМЕЙ ОРМАНЫНДАҒЫ ӨРТ
Биыл мамырда 14 адам қаза тапқан «Семей орманы» резерватында болған өртке кінәлілер сотталған еді. Бородулиха аудандық сотында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының екі қызметкеріне қатысты абайсызда 14 адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу туралы қылмыстық іс қаралған. 2023 жылдың маусымында Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында» орман өртенген еді. Өртпен 60 мың гектар орман қоры жойылған. «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза болған.