Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мәслихат депутаттары жиналған форумда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында сөйлеп, бірнеше мәселе көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ОРТАСЫНДА ЖҮРМІН”
– Осыдан бірнеше жыл бұрын менен біреу «Парламенттің төрінде елдің сөзін сөйлейсің» деп айтса, өзге түгілі өзім де сенбейтін едім. Қазір сол өзгерістердің ортасында жүрмін. Кезінде көшеде, монументтің маңында айтылатын халықтың сөзі бүгін Мәжілістің мінберінде айтылуда. Бұрын қасаң қағидалар, қатып-семген түсініктер келмеске кетті десем, артық айтқаным емес! Қазіргі Мәжіліс пен мәслихаттарға халықтың сөйлей алатын, ұлтты ұйыстыра білетін азаматтар шоғырланған. Олардың дені осы залда отыр. Сол ортада біз де жүрміз, – дейді ол.
Ринат Зайытов президентке қарата «Еститін мемлекет» қағидатының нақты орындалып жатқанын айтты.
– Көшеде көтерілетін әңгімелердің Парламентте ашық әрі бүкпесіз талқылап, халықтың өз ішінен қайнап-пісіп шыққан депутаттар әр өңірдегі түйінді мәселелерді биік саяси мінберден ортаға салып келеді. Бүгін де депутаттар жеткізе алмай, күмілжіген сөз, бүгіп қалған ой жоқ деп сеніммен айта алам. Осы сәттті пайдаланып, төрт көзіміз түгел жиналғанда бірер мәселені ортаға салайық.
Құрметті, президент! Тілегім көп болғанымен, арманым біреу: былтыр менен Жамбыл Зейнуллин деген тілші «Президентпен кездессеңіз не айтасыз?» деп сұраған. Менің сол кезде менің елге берген уәдем бар. Сол уәдеге қол жеткізетін сәт туып тұр. Ендеше, соны айтқым келеді, – дейді ол.
Зайытов алдымен мәдени майданда қазақ үшін, оның руханияты үшін ұлтымыздың ұлы болмысынан айырылып қалмас үшін, бүгініміз тозып, ертеңіміз азып кетпес үшін негізгі мәселе – ұлттық дәстүр мен өнер деп атап өтті. Тәуелсіздік алғалы бері еш ескерілмей, тасада қалған ұлттың төл өнерін төрге шығаратын уақыт келді деп мәлім етті.
– Қорқыт атамыздың қолынан түспеген қобыз, Сүйінбай сөзі мен абырой-намысымызды асқақтататын айтыс, күй атасы Құрманғазы мен Тәттімбет, Маңғыстаудан Сыр бойына дейін жыр төккен Сүлейлер мен Қайқылар, әлемді әнімен мойындатқан Әмірелердің мұрасы бүгінгі күні өздеріне лайық тұғырға көтеріле алмай келеді. Қазақ ұлтының перзенті ретінде бұл жағдайды жеткізбеу – маған сын! Өйткені дана халқымыз өткенін ескермегеннің келешегі болмайды деген. Салт-дәстүр мен ұлттық өнерді насихаттау келешек ұрпақтың санасы сергек, ойын салмақты, идеологиясын таза сақтайды.
Қадірді, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізбен бірге дәл осы жиында Үкімет мүшелері толық отыр. Осы сәтті пайдаланып, ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына айналатын оңаша шаңырақ қажеттігін айтқым келеді. Мәселен, Қытайдағы дәстүрлі «Пекин» орталығы, Италиядағы «Ла-Скала», қырғыз ағайынның дәстүрлі «Манас» орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс, термелерін әлемге танытатын дәстүрлі Ұлттық театр ауадай қажет. Ол жай театр емес, қазақ ұлтын баршаға паш етіе, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізетін орталық болатынын еш күмәнім жоқ, – дейді депутат.
Ринат Зайытов сонымен бірге ұрпақтың патриоттық тәрбиесі әлсіреп кеткенін мәселе етіп көтерді. Депутат әрбіріміз мейірімді, кең болу маңызды дейді.
– Біздің жас буын өкінішке қарай «аяз ата келіп тұр, бізге сәлем беріп тұрдан» аса алмай отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында сізден және үкімет мүшелерінен мемлекеттің барлық мектептерінде 7-11 сынып арасында Тәуелсіздіктің бағасын түсіндіретін «Жаңа қазақ әдебиеті» деген пәнді енгізуді сұраймын», - дейді Зайытов.
Бүгін Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өткізілген.