Тараз қаласының "Алатау" шағын ауданында орналасқан №48 мектеп ғимаратындағы 78 және 79 референдум учаскелерінде ерекше бір мерекелік атмосфера орнады. Бұл күн тек саяси маңыздылығымен ғана емес, мәдени-рухани сипатымен де ерекшеленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Аталған учаскелерде халықтың дауыс беру белсенділігі жоғары екені бірден байқалды. Тұрғындар үшін бұл іс-шара нағыз мерекеге айналды.
Мектеп ауласында ұлттық әндер әуелеп, домбырадан күмбірлеген күйлер төгіліп тұрды. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін арнайы ұйымдастырылған мәдени бағдарлама айрықша рөл атқарды. Дәстүрлі әуендердің сүйемелдеуімен дауыс беруге келген тұрғындар қазақ халқының бай музыкалық мұрасына бір сәт үңіліп, рухани нәр алып отырды.
Сонымен қатар, ұлттық киімдер киіп шыққан жастардың шеруі де тұрғындардың назарын аударды. Жастар мерекелік шараның сәнін келтіріп, еліміздің рухани және мәдени құндылықтарын дәріптеді. Олардың жаппай қатысуы – жас буынның өз елінің тағдырына бей-жай қарамайтынын, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтынын айқындап берді.
Мерекелік атмосферада өткен бұл күн тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Референдум учаскесінде дауыс берушілер өз таңдауын жасап қана қоймай, рухани азық алып, қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетіне тәнті болды.
Халықтың белсенділігі мен ұлттық дәстүрлердің үйлесім табуы – еліміздің жарқын болашағына сенімділіктің айғағы іспетті.
Айта кетейік, бүгін АЭС референдумы бойынша Қазақстанда дауыс беру басталды. Сондай-ақ бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің заңды деп танылуының шарттарын атаған болатын.