Астанада иесіз ғимараттан денесі табылған 14 жастағы оқушы қыздың ажалы неден болғаны анықталды. Полиция осыдан бір ай бұрын болған қайғылы жағдай бойынша сот-медициналық сараптама қорытындысын жария етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ГАЗДАН УЛАНҒАН БОЛЫП ШЫҚТЫ
Қаңырап иесіз тұрған бұрынғы балабақша ғимаратынан 14 жасар қыздың денесін сол маңда ойнап жүрген балалар тапқан. Дәл сол жерде жалпы білім беретін мектеп те бар. Бірақ оқушы қыз онда емес, басқа мектепте оқыпты. Марқұм Аурелияның ата-анасы сабақтан кейін серуендеуге шыққан қыздарының неге ескі ғимаратқа барғанын түсінбейді. Бұған дейін де төрт рет өрт болып, тағы бір ер адам көз жұмған ескі ғимарат қаңғыбастар паналайтын жерге айналғалы үш жылдай болған. Қыздың жұмбақ өлімін әркім әрқалай айтып сан-саққа жүгірткен еді. Ал сот-медициналық сараптамасы оның газдан уланғанын анықтады.
ПОЛИЦИЯ МӘЛІМДЕМЕСІ
“14 жастағы қыздың мәйітіне қатысты істің мән-жайын обьективті, жан-жақты зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, өлім газ қоспасымен уланудан болған”, – деді Астана ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.
БҰҒАН ДЕЙІН
14 жастағы оқушының денесі Астанадағы №5 мектеп-гимназия маңындағы қараусыз қалған ғимараттардың бірінен табылғанын жазған едік.
Оқушының денесі 10 қыркүйек күні кешкі сағат 9-дар шамасында бұрын балабақша болған, қазір маскүнемдер мен есірткіге әуес тұрғындардың ордасына айналған ескі ғимараттан табылған. Мәйітті сол жерден өтіп бара жатқан тұрғындар көрген. Артынша бірден полицияға хабарласады. Желідегі кей ақпараттарда жасөспірім зиянды әрекеттерге әуес болғаны, көз жұмуына сол себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарапты. Жасөспірімнің әкесі бұған өкпелі. Қызының салауатты өмір салтын ұстанғанын айтады.