×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Сынап-мінеуден аулақ болуымыз керек": Тоқаев ТМД+ форматын құруды ұсынды

08.10.2024, 20:30
"Сынап-мінеуден аулақ болуымыз керек": Тоқаев ТМД+ форматын құруды ұсынды
Ақорда

Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СЫНАП-МІНЕУДЕН АУЛАҚ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Тоқаев өз сөзінде ТМД басшылары ретінде “ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн” деді. 

“Өткен ғасырдың 90-жылдарында Балқан түбегіндегі секілді күрделі жағдайларға посткеңестік аумақта жол берілген жоқ. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлесі зор деуге болады. Сондықтан Достастықты сақтау керек деп ойлаймын. Осы мақсатта өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шараларын қабылдап, мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

ТМД+ ФОРМАТЫ

Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жаһандық ынтымақтастық пен даму үдерісіне елеулі үлес қосып келе жатқан тиімді өңірлік ұйым ретінде халықаралық деңгейде кеңінен мойындалғанына тоқталды.  

“Достастық БҰҰ-ның түрлі құрылымымен, сондай-ақ басқа да көптеген халықаралық және өңірлік ұйыммен ұтымды байланыс орнатты. ТМД-ның әлемдік аренадағы беделі артып келеді. Былтыр ТМД жанындағы Бақылаушы және Серіктес мәртебесі бекітілді. Бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және ашықтығын көрсетеді. Осы жүйелі жұмысты жалғастырып, «ТМД +» форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Мұндай алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады”, – деді Тоқаев.

ДОСТАСТЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ

Қазақстанның сыртқы тауар айналымының төрттен бір бөлігінен астамы осы нарықтың еншісінде. Осыған орай «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынды.

Бүгінде жәрмеңке саудасына сұраныс жоғары. Осыған орай «Достастық жәрмеңкесі» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ТМД елдерінің түрлі қалаларында жыл сайын сауда-саттықтың көрігін қыздыратын іс-шаралар өткізуге болады. Оған бүкіл Еуразия өңіріндегі шеберлер мен шаруаларды да шақырған жөн. Алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруға дайынбыз. Бұл шаһар ежелде Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды торап болғандықтан «керуеншілер қаласы» деп те аталған,– Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Жиында Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.