10 қазанда Лондонға барған Украина президенті Владимир Зеленский Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУЛЕР
Азаттықтың мәліметінше, Зеленский сонымен бірге НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен де келіссөз жүргізеді. Бұл олардың кейінгі екі апта ішіндегі екінші кездесуі болмақ. 1 қазанда қызметіне кіріскен Марк Рютте алғашқы халықаралық сапарын Киевтен бастаған еді.
Жұма күні Зеленский Германияға барып, Рим папасы Францискімен де кездеспек. Украина президентінің Еуропаға сапары 12 қазан күнгі "Рамштайн" форматы аясындағы кездесу жоспарымен байланысты болған. Бірақ Украинаға әскери көмек мәселесі талқыланады делінген "Рамштайн" жиыны АҚШ-тағы "Милтон" дауылына байланысты өтпейтін болды – АҚШ президенті Джо Байден Германияға сапарын кейінге шегерген.
ЖЕҢІС ЖОСПАРЫ
Украина президенті әкімшілігінің хабарлауынша, Батыс елдерінің жетекшілерімен кездесу кезінде Зеленский оларға "жеңіс жоспарын" таныстырмақ. Бұл жоспарды қыркүйек соңында Зеленский Вашингтонда АҚШ президенті Джо Байденмен кездесу кезінде таныстырған. Аталған жоспарға қатысты қандай да бір шешім қабылданғаны-қабылданбағаны айтылмады.
Жуырда Владимир Зеленский Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің Украинаны қолдауға арналған саммитіне қатысқан. Жиында Зеленский "қазанда, қарашада және желтоқсанда бейбітшілік пен ұзақмерзімді тұрақтылыққа жылжу бойынша мүмкіндік туды", ал майдандағы ахуал соғысты 2025 жылы аяқтау үшін "кесімді әрекет жасауға қолайлы шақ" туындатуы мүмкін деп мәлімдеген.
БАҚ дерегі
Зеленский өз сөзінде "жеңіс жоспарына" сүйенген. Оның жай-жапсары айтылмады. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл жоспар Украинаны НАТО-ға шақыруды жылдамдату, сонымен бірге Ресейдегі нысандарға батыс қаруымен соққы жасауға рұқсат алуды да қарастырады. Бірқатар батыс ақпарат құралдары дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ жоспарды белгілі бір скептицизммен қабылдағанын жазды. Пентагон өкілдері атап айтқанда, Ресей нысандарына соққы жасауға рұқсат беру соғыстың барысына айтарлықтай әсер етеді деп санамайды.
Италияның Corriera della Sera басылымының жазуынша, Киев Ресей жаулап алған аймақтан бас тартпай және Батыс елдерінің қауіпсіздікке кепілдігіне қол жеткізе отырып, соғысты қазіргі майдан сызығында аяқтау туралы идеяға барған сайын жақындап келеді. Украина билігі ресми түрде мұны жоққа шығарады. Мәскеу де Украинаға көбірек талап қойып, соғысты "тоқтату" ұсынысына қарсы болған.