×
487.37
532.94
5.09
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.37
532.94
5.09

«Үйге біреулер нөмірі жоқ көлікпен келген»: Шерзаттың туыстары үйдің өртенуін күдіктілер жақтан көреді

12.10.2024, 11:42
«Үйге біреулер нөмірі жоқ көлікпен келген»: Шерзаттың туыстары үйдің өртенуін күдіктілер жақтан көреді
Ulysmedia коллажы

Ulysmedia.kz Талғар қаласы маңындағы Азат ауылында өртке оранған марқұм Шерзат Болаттың үйіне барды. Оқиға орнында не болып жатқанын көзбен көріп, Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизатпен тілдесті. 

ҮЙДЕ ЕШКІМ БОЛМАҒАН

Марқұмның туған-туыстарының айтуынша, өрт шамамен түнгі 00.30 уақытында болған. Үйде ешкім болмаған. Себебі Шерзат ата-әжесінің қолында өскендіктен, бұл жағдай егде кісілерге қатты ауыр тиіпп, марқұмның туған-туыстары қара шаңырақта болған. Үйдегі мал аман, тек итті күйік шалған.

Ulysmedia.kz порталына оқиға жайлы Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы айтып берді. “Қаржаубайдың өзі бірдеңе дейтіндей жағдайда емес” дейді ол. Ұлының қазасына қабырғасы сөгіліп отырған әкеге бұл оқиға екінші соққы болып, есеңгіреп отыр. Марқұмның туған-туыстары өртті күдіктілер жақтан келген әрекетпен байланыстырады. Оны Перизет айтып берді. “Үйдің өртенуін алдыңғы болған жағдайлармен байланыстырып отырсыз ба?” деген сұраққа “әрине, байланыстырамыз” дейді.

НӨМІРІ ЖОҚ КӨЛІКТЕР

– Соңғы үш күнде Шерзаттың сыныптастары “көшелеріңізде нөмірі жоқ көліктер жүр” деді. Өрт болмай бір күн бұрын көршілер “сіздің үйлеріңізге нөмірі жоқ көлікпен келгендер кіріп шықты, біз шулап, бәріміз жарықты жақтық, айғайлап едік, тоқтамастан қашып кетті” деп хабар берді. Мектеп балаларының бәрі де бір ауылдан болған соң кімнің қандай көлікті айдайтынын білеміз деп отыр. Балалар “ішіндегі адамдар да бейтаныс, амандасайық деп қасына барып едік, терезені жауып алып, тоқтамай өтіп кетті” деді. Соңғы үш күнде “көліктер жүр” дегенді естідік. ІІМ-ге барып, келгеннен бері осылай болып жатыр, – дейді ол.

Перизат Нұрымова ресми органдар өз жұмысын дұрыс атқармады деп есептейтінін жеткізді.

– Қарастырып жатыр. Соның “арқасы”. ІІМ-нің, Талғар, облыс әкімдігінің “қарастырып, күшті жұмыс атқарып жатқандарының арқасы”. Үйден айырылып қалдық. Үйді қойшы, жанымыз аман. Бұған дейін күзет қойылған жоқ. Үйге қоймай-ақ қойсын, жоқ дегенде ауылдың басына қойып берсін. Кімнің кіріп шығып жатқанын білсін. Қарапайым халық болып, жолдан өткен көлікті тоқтатып, “кімсің” деп сұрай берсек, есі дұрыс емес деп ойлайды ғой. Ұсталған адамдардың, сол жақтан шыққан адамдардың бәріне көлік қойып беріп қойыпты. Ауылға кіре берісте көлік қойыпты. Сонда біз жанымыз шығып отырғанда біреудің жанын алуға шамамыз жете ме? Мамамыздың өзі бір құлап, бір есін жиып отыр. Заң өкілдеріне ойлануға болады ғой. Бүгін топырлап бәрі жүр. Жүргеннен не пайда? Бәрі біткен соң! Қалғанымыздың жанымызды алып кеткенін күтеміз бе? Сөйтіп, бір төбе болып, үйіп қояйын деген шығар? Заң өкілдері жұмыс істесе бұлай болмайды! Біздің президент Қасым-Жомарт Кемелұлы заң өкілдері қалай жұмыс істейтінін көрсін! Сол кісінің қол астында басшы болған жұмысшыларының іс-әрекеті осы! – дейді ол.

Қайғылы оқиғадан кейін Шерзаттың әкесі ауылдың маңына күзет қоюды, ауылға кім келіп, кім кетіп жатқанын бақылауды өтінген. Бірақ полиция қызметкерлері оны ескермеген. 

– Жылап-сықтап болдық. Енді қоя салмаймыз. Ақырына дейін барамыз, – дейді Перизат.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Көп өтпей марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Талғарда өлтірілген бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып беретіні хабарланды.

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.