×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Балаңның жанынан көріңді қаза бер»: Енді Шерзат Болаттың әкесін қорқытып жатыр

«Балаңның жанынан көріңді қаза бер»: Енді Шерзат Болаттың әкесін қорқытып жатыр
Фото: видеодан скрин

Талғарда болған трагедияға байланысты марқұм Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Нұрымова баласы – марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа біреулер хабарласып, қоқан-лоққы жасап жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

...СОЛАРДЫҢ СӨЗІН СӨЙЛЕП ОТЫР

Балама қоңырау соғып, «балаңның жанынан көріңді қаза бер» деп қорқытып жатыр. Бізге көмекке адам керек. Келген әкімдерге де, журналистерге де айтып жатырмын. Көршілер үйіңізге адамдар кірген деп айтып жатыр. Есікті ашып, кірген, аралап жүрген, бірақ ештеңе алмаған дегенді айтты. Көршілер қарауылда отыр. Балалар қорқып, «үйге барайық» деді. Мен «жоқ, баламның қырқы өтсін, мәселені біржақты етіп алайық, қатарласып жатсақ та осы үйде болыңдар» дедім. Рұқсат бермедім. Соның арқасында олар аман қалды.

Бір көршім «тәте, кеше сағат 5-те жұмысқа кетіп бара жатқанда нөмірсіз екі «Мерседес» көлігі көшені айналып жүрген, сосын кетіп бара жатқан соң сіздерді шошытпайын деп айтпадым. Таңертең қайтып келе жатсам, сол көліктер тағы тұр екен. Жоғары органдарға айтпадыңыздар ма адам берсін деп» деді. Міне, үй өртенді, балам өлді. Содан кейін ғана күзетуге есігіміздің алдына патруль көлігін берді. Оған дейін үкіметіміз қимылдауға болатын еді. Менің таңғалатыным, олардың (қылмыс жасаған адамдардың – ред.) үйіне, көшесіне патруль көлігін беріп қойыпты. Бізді шабуылдайды деп. Үкімет солардың сөзін сөйлеп тұрған сияқты, – дейді марқұм Шерзат Болаттың әжесі.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Көп өтпей марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Талғарда өлтірілген бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып беретіні хабарланды.

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.