×
524.58
551.91
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
524.58
551.91
4.93

«Көріп алайын дейді»: Талғардағы қаралы үйге мобилограф ертіп барған Назаров сынға қалды (ВИДЕО)

«Көріп алайын дейді»: Талғардағы қаралы үйге мобилограф ертіп барған Назаров сынға қалды (ВИДЕО)
Фото: instagram.com/ardaknazarov/

Белгілі спортшы, парламент мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров сынның астында қалды. Журналист Гүлбану Әният тіпті оған депутаттық мандатын тапсыруға кеңес берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ҚАРАЛЫ ҮЙГЕ ЕМЕС, ТОЙҒА БАРҒАНДАЙ»  

Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға бойынша депутат Талғарға барған. Онда журналистердің қойған сауалына дөрекі жауап берген. Ол қаза болған жерге мобилограф ертіп барыпты.

Журналист Гүлбану Әният Ардақ Назаровты қаралы үйге емес, тойға барғандай деп сынады.

«НЕНІ КӨРМЕКШІ?»

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Талайды тәубесіне түсірді». Діндар депутат жер сілкінісі жайлы жазды

Ардақ Назаров – Алматы облысынан сайланған депутат. Талғар өзінің округі. Не үшін барды? Не бітірді? Халық қан жылап тұр. Ал мұның жүрісін, жауабын қараңыз. «Көріп алайын» дейді, нені көрмекші?

Қасына мобилограф ертіп алған, тойға барғандай. Жүрген-тұрғанын видеоға түсіріп, әдемі пост жазып қойыпты. Бардым, халықтың қасынан табылдым деген отчет үшін бе?

Сәл ғана намысы болса, депутаттық мандатын тапсыра салу керек қой, – деп жазды журналист өзінің Facebook-парақшасында.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Қазақстанда АЭС құрылысына көзқарасы қалай екенін айтып берген болатын. 

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Көп өтпей марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Талғарда өлтірілген бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып беретіні хабарланды.

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.