×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қаржы бар, ниет жоқ. Ауыл дамымаса, біліксіз басшы кінәлі – депутат

16.10.2024, 14:15
Қаржы бар, ниет жоқ. Ауыл дамымаса, біліксіз басшы кінәлі – депутат
ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Депутат сауалында ауылды дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын көлемді қаржы бөлініп жатқанына қарамастан жол сапасы мен интернет қолжетімсіздігі әлі күнге шешілмей келе жатқанын атап өтті.

ҚАРЖЫ БАР, НӘТИЖЕ ЖОҚ 

2019 жылдан бастап бұл бағытта қаржы алты есе көп бөлінген, яғни сол кезде 29 млрд теңге бөлінсе, биыл 194 млрд теңге бөлінген! Бұл өте жақсы көрсеткіш, осындай қолдаудың көмегімен ауыл тіршілігін түбегейлі өзгертуге болар еді. Мемлекет зор қолдау көрсетсе де, іс жүзінде не көріп отырмыз? Қаражат игерілмейді, мерзімдер бұзылуда, жобалар сапасыз орындалып жатыр. Мұның бір үлкен себебі бар – көбінесе аудан басшыларының кәсіби біліктігінің төмендігі және жұмысқа ұйытқы бола алмауы, - деді депутат.

ӘРЕКЕТСІЗ ОТЫРҒАН ӘКІМ КӨП

Ол өңірлерде халықпен кездескенде құр қол отырған, жағдайды жақсартуға құлшынысы жоқ аудан әкімдерін бірнеше рет көргенін айтты.

Мысал ретінде – облыстардағы ауыл мектептері. Күрделі жөндеуге бюджет қаражаты аз болуы мүмкін, бірақ бұл мектеп ауласының жиналмай жатуына, оны қалай болса солай ұстауға сылтау емес. Қоршауларды бояп, ағаштарды ағарту, гүл отырғызу үшін көп ақша керек пе? Мұны тұрғындардың, оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің күшімен де жасауға болады. Еңбек терапия деген ұғымды ұмытпайық, - деді ол.

Депутат сауалының соңында аудандық әкімдіктердің тарапынан жобалардың іске асырылуын бақылауды күшейтіп, аудан әкімдерінің жеке жауапкершілігін арттыруды, әр өңірдің мықты тұстары мен әлсіз тұстарын ескеріп, аудандарды дамыту стратегияларын әзірлеуді, аудан әкімдерінің есептерін жылына екі рет тыңдап, жұмыс тиімділігін бағалауды ұсынды. Бұған қоса ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосатын диқандармен өзара іс-қимыл жасап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, аудан әкімдерін «Жаңа формация жетекшісі» бойынша оқытуды жалғастырып, біліктілігін арттыру қажеттігін айтты.