Елдос Сметов өзін “мамасының баласы” деп айыптағандарға жауап берді деп хабарлайды, Ulysmedia.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Сметовтың тойда жанынан әйелін емес, анасын ерткенін көргендер оны сынның астына алған. Әсіресе желіде белсенді коучтар олимпиада чемпионын “мамасының баласы” деп айыптаған.
"Мамасының баласы", "Анасы жай жүрген жоқ, жетектеп жүр", "Әйелін аяп тұрмын", "Медальдан кейін ата-анасын ғана құттықтап, әйеліне бір ауыз сөз айтпағанына ренжідім", "Әйелінен гөрі анасын жоғары қойды", "Ол әлі ана сүтін емеді ме?" деген сынды пікірлер жазылған.
Олимпиада чемпионы Сметов Қарағандыда өткен Naiza 69 аралас жекпе-жек турниріндегі кездесулердің бірінде құрметті қонақ болған. Сол жерде өзіне және анасына қарата айтылған сынға жауап берген.
“Қазаққа мәлім деген ер азаматтардың артында әйелдер тұрады. Батыры болсын, ғалымы болсын солай. Анасының дұғасының арқасында жетістікке жетеді. Кім не десін о десін анам үшін соңына дейін баратын адаммын. Әйелдердің сөзін сөйлейтіндердің қатарынанмын. Қанша жерден әлемді мойындатып, дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпион болсам да, анамнан асып кете алмаймын. Анамды құрметтегеннен жаман болған кезім жоқ”, - дейді Сметов.
БҰҒАН ДЕЙІН
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов бала кезінде отбасымен көрген қиындықтары жайлы айтқан.
Бозкілем шебері дүркіреген той жасап көптің назарын аударған еді.