×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Путин алғаш рет Солтүстік Корея әскерінің Ресейге келгені туралы айтты

Путин алғаш рет Солтүстік Корея әскерінің Ресейге келгені туралы айтты
Фото: Getty Images

Ресей президенті Владимир Путин Қазандағы БРИКС саммитінің қорытынды баспасөз мәслихатында Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін Солтүстік Корея әскерінің Ресейге жіберілгені туралы хабарламаларға алғаш рет түсініктеме берді. Ол әскерилердің Ресейде барын жоққа шығармады, бірақ олардың қандай мақсатпен келгенін нақтыламады да, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Путинге америкалық NBC телеарнасының журналисі сұрақ қойды. Оның айтуынша, КХДР әскери күштерінің болуын спутник суреттері көрсетеді.

«Олар мұнда не істеп жатыр? Бұл қақтығыстың өршуі емес пе?» деп сұрады журналист.

«Ресейдің әрекеті шиеленіске әкелмеді», — деп жауап берген Путин тағы да 2014 жылғы Украинадағы «мемлекеттік төңкеріс» туралы айта бастады. Ол сондай-ақ батыс елдерін Украина армиясын қаруландырды және оған соғысуға көмектесті деп айыптады, деп жазады BBC.

Путин бейсенбі күні Мемлекеттік Дума осы жылдың жазында Пхеньянда Ресей президенті қол қойған Солтүстік Кореямен «жан-жақты стратегиялық серіктестік» туралы шартты ратификациялағанын еске салды. Шарт оның қатысушыларының біріне қарсы «агрессия жағдайында өзара көмек көрсетуді» білдіреді.

«БҰЛ – БІЗДІҢ ІСІМІЗ»

«Онда 4 бап бар», - деді Путин. Артынша «Пхеньян «біздің келісімдерімізге байыпты қарайды. Келісімнің 4-бабында «егер тараптардың бірі бір немесе бірнеше мемлекеттің қарулы шабуылына байланысты соғыс жағдайында болса, екінші Тарап оған БҰҰ Жарғысының 51-бабына және КХДР мен Ресей Федерациясының заңдарына сәйкес, қолда бар барлық құралдармен дереу әскери көмек көрсетеді делінген» дегенді қосты Путин.

Путин Солтүстік Корея әскерінің Ресейге жіберілуі және олардың мақсаттары туралы егжей-тегжейлі айтпастан: «бұл бап бойынша біз не істейміз және қалай істейміз - бұл біздің ісіміз», - деп қорытындылады.

БҰҒАН ДЕЙІН...

Бұған дейін Оңтүстік Корея барлау қызметі Ресей аумағында 12 мыңға жуық Солтүстік Корея сарбазының дайындығы туралы хабарлаған. Yonhap агенттігінің 17 қазандағы мәліметтері бойынша, КХДР әскери күштері Ресей Федерациясының шығыс аймақтарында Украинадағы соғысқа қатысу үшін дайындықтан өтеді. Солтүстік Кореядан келген техникалық персонал Ресей әскери күштеріне зымыран тасығыштарға қызмет көрсетуге көмектесуде, бірақ сол кезде жауынгерлік бөлімшелер әлі белсенді әрекетке кірген жоқ.

Украинаның Қорғаныс министрлігі барлау бас басқармасының басшысы Кирилл Буданов the War Zone басылымына берген сұхбатында 2600 сарбаздан тұратын Солтүстік Корея жаяу әскерінің алғашқы бөлімшесі 1 қарашаға дейін Курск облысына жіберілетінін айтты. Болашақта бұл әскерлер ресейлік техника мен оқ-дәрілерді пайдаланады деп күтілуде. Қалған 12 мың сарбаз қайда жіберілетіні әлі белгісіз. Бұған жауап ретінде Оңтүстік Корея үкіметі Солтүстік Корея күштерімен күресу үшін Украинаға әскери контингенттің бір бөлігін жіберуді қарастыруда. Бұл ретте Солтүстік Кореяда өз сарбаздарының Украинадағы соғысқа жіберілуін жоққа шығарады. КХДР тұрақты өкілі Ким Сон БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында әскерлерді жіберу туралы ақпаратты «негізсіз қауесеттер»деп атады. Оның айтуынша, Оңтүстік Корея КХДР беделіне нұқсан келтіруге тырысуда. Ол мұндай айыптаулармен оңтүстік көршісі екі егемен мемлекет — Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы достықты бұзғысы келетініне сенімді.

Еске салсақ, Солтүстік Корея Украинадағы соғыста Ресейді қолдау мақсатында әскер жібергенін НАТО ұйымы сондай-ақ басқа да дереккөздері растаған болатын. Ал ЕО Ресей мен КХДР арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы хабарламаларға алаңдап отыр.