Қазақстан жыл сайын кемі 100 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейсенбіде Астанада өткен шетел инвесторлары кеңесінің отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Мемлекет басшысы шетел инвесторлары кеңесінің 36-шы пленарлық отырысын өткізді. Онда президент Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) мәліметіне сүйене отырып, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылғанын айтты.
– Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл мақсат қойдық. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді , – дейді ол.
Президенттің сөзінше, еліміздің минералды-шикізат қоры мол. Сондай-ақ геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеру саласындағы үдерістердің тиімділігі мен ашықтығын арттыру шаралары жөнінде мәлімет берді. Президенттің айтуынша, Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан. Қазір еліміздегі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға болады.
– Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторындағы жағдайды айта келе, ел дамуында халықаралық мұнай компаниялары маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды
– Шетелдік инвесторлар елімізге капитал құйып, озық технологиялары мен жоғары білікті мамандарын әкелді. Олардың инвестициясы отандық энергетика саласының дамуына оң ықпал етті: кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі үш есе артты. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстан мұнай өндіру қарқыны жоғары мемлекеттердің үздік бестігіне кірді. Болашақта біз бұл межені жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отырмыз, – деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысының пікірінше, мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету Қазақстан экономикасын әртараптандыруға зор үлес қосады.
МҰНАЙ
Дүйсенбідегі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағалары барреліне 71,4 долларға (-6,1%) дейін айтарлықтай төмендеген. Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының пікірінше, бағаның бұл әрекеті Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың өршуіне қатысты алаңдаушылықтың күрт төмендеуіне байланысты болып отыр.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі жетекші сарапшылар арасында қыркүйектегі макроэкономикалық сауалнама деректерін жариялаған болатын. Онда мұнай бағасының төмендеуі сауалнаманың басты жаңалықтарының бірі болып қала береді.
Сарапшылардың болжауынша, Brent маркалы мұнайдың құны 2024 жылы барреліне 80 долларға дейін төмендейді, бұл алдыңғы болжаммен салыстырғанда аздау (ол кездегі 83,5 доллар). Осыған ұқсас тенденциялар 2025-2026 жылдар үшін де байқалады: мұнайдың құны барреліне 75 доллар болады деп күтіледі, бұл алдыңғы бағалаулардан да төмен.