Танымал әнші Мейрамбек Бесбаевтың туған күнінен естелік фото-видеолар әлеуметтік желіде кеңінен таралып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘРІПТЕСТЕРІН МАРАПАТТАҒАН
Ол өзі ашқан Aspan FM радиосының атынан жұлдыздардың қатысуымен үлкен концерт ұйымдастырып, 48 жасқа толған туған күнінде өнердегі әріптестерін марапаттаған.
Өнер иесінің жары Мархабат Бесбаева концерт кезінде сахнаға тортпен шығып, отағасын елдің көзінше құттықтады.
Дүрілдеп өткен концерттен кейін туған күн кеші ары қарай да жалғасқан.
Мейрамбек Бесбаевтың өнердегі достары мен ет-жақындары мейрамханада бас қосып, туған күн иесін тағы бір мәрте құттықтаған.
Еске салсақ, жақында әншінің қызы дүниеге келген еді. Бұл – отбасының үшінші перзенті.
МЕЙРАМБЕК БЕСБАЕВ
Мейрамбек Әбіләшімұлы Бесбаев 1976 жылы 7 қарашада Жамбыл облысы Талас ауданында туған. Әнші, термеші, Музарт тобының мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.
Жұбайы – Мархабат.
Тараз қаласындағы «Глинка» атындағы музыкалық мектептің Қобыз сыныбын оқып бітірген. 1989 жылы Алматы қаласындағы К.Байсейітова атындағы музыкалық мектебіне ауысады.
1994-98 жж. Т. Жүргенов атындағы театр академиясының «Актер, драма, кино» факультетінен білім алады. Алғаш кәсіби жолын «Сүйінбай» атындағы филармонияда әнші (солист) қызметін атқаруымен бастайды.
1997 жылы қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік бөлімін бітірген. Жастайынан ән салып, халыққа танымал болды. Оның репертуарында Кенен Әзірбаевтың, Алтынбек Қоразбаевтың ("Бозторғай", "Кеш жарық", "Шаш-баулым", т.б.), Нұрғиса Тілендиевтің "Өз елім", т.б. қазақ композиторларының әндері бар.
2002-2007 жж. Қазақконцертте әнші (солист) болып жұмыс істеген.
2010 жылы Баян Алагөзованың продюсерлігімен көптеген өнер адамдарының қатысуымен түсірілген «Ғашық жүрек» атты кинода өз-өзін сомдаған.