Қоғам белсендісі Арман Шораев әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұған оның жазбасында балағат сөздер қолдануы себеп болған. Бұл туралы Ulysmedia.kz-ке Ақмола облысы полиция департаменті хабарлады.
Толығырақ
Арман Шораевтың жазбасы әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде анықталған. Алайда полиция оның нақты не жазғанын және қай жазба туралы сөз болып отырғанын нақтыламады.
Іс сотқа жетіп, сот қаулысымен оған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.
– Осы дерек бойынша сот қаулысымен оған 20 тәулікке әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындалды. Полиция әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контент жариялағаны үшін заңда белгіленген жауапкершілік қарастырылғанын еске салады, – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті Ulysmedia.kz-ке.
Контекст
Маусым айында Шораевтың есімі полицияға қатысты тағы бір оқиғада аталған еді. Сол кезде әлеуметтік желілерде қоғам белсендісіне іздеу салынған еді.
Көкшетау тұрғыны «Провиант» дүкенінің маңында болған жанжалдан кейін полицияға арызданған. Оның айтуынша, екі ер адам кәмелетке толмаған ұлына шабуыл жасап, дене жарақатын салған, балағаттап, телефонын сындырған. Арызда Шораевтың да аты-жөні көрсетілген.
Қоғам белсендісінің өзі сол кезде іздеуде жүргені туралы ақпаратты жоққа шығарған. Ал полиция қызметкерлерге оны полиция басқармасына жеткізу туралы нұсқау берілгенін түсіндірді. Сол күні Шораевтың өзі басқармаға барғаннан кейін бұл нұсқау өз күшін жойды.