×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қорғаныс министрлігі реформаны форма ауыстырудан бастады ма. Әскерилердің киімі өзгерді

12.11.2024, 14:02
Қорғаныс министрлігі реформаны форма ауыстырудан бастады ма. Әскерилердің киімі өзгерді
Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстанда әскери қызметшілер бірыңғай далалық киім нысанына көшті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙЫ

Қарулы күштер Тылы бастығының орынбасары полковник Әсет Оразалиннің айтуынша, ерекше кезеңде басқа әскерлер мен әскери құралымдар Қарулы күштердің басқаруына өтеді. Тиісінше, бүркемелеу функциясын орындайтын және климат пен аймақтың географиялық ерекшеліктерін ескеретін далалық форма да біртұтас болуы керек.

“Киім формасы 1999, 2006 және 2011 жылдары айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бірақ барлық күштік құрылымдар әскери қызметшілерінің бірыңғай стилі мен түсіне көшу алғаш рет жүзеге асырылып отыр. MultiCam бояуына көшу туралы шешім басқа елдердің тәжірибесін зерделегеннен кейін қабылданды. Ол өсімдіктерге, қалалық ғимараттар мен қирандыларға, шөлді және тасты жерлерде ерекше бүркемелеу қасиетіне ие” делінген хабарламада.

Министрлік киім пішінінің жаңа үлгілері жақсартылған функционалдылықпен және жайлылықпен ерекшеленетініне сендіреді. 

“Мысалы, жағасы ауа-райы қолайсыз болған кезде мойынды жабады. Қалта құжаттарын оңай сақтау үшін кеуде қалталары көлбеу орналасқан және велкро таспасына бекітілген. Айырым белгілері де осы таспаға бекітіледі және тігуді қажет етпейді. Артқы жағындағы қосымшалар қозғалысты шектемейді. Кең шалбар белбеуі денеге жақсы сәйкес келеді, сонымен қатар форманы реттеуге арналған құрылғылары бар” деп хабарлады министрлік.

МИНИСТРЛІК ҮНЕМГЕ КӨШТІК ДЕЙДІ

Қорғаныс министрлігі жабдықтау нормаларын оңтайландыру әскерлердің жыл сайынғы қажеттілігін 140 млн теңгеге азайтты дейді.

“Бұл ретте қоймалардағы бар қорлар, оның ішінде ескі үлгідегі далалық киім-кешек мерзімді қызмет сарбаздары, жыл сайынғы жиындарға тартылатын әскери міндеттілер үшін және әскерилендірілген күзет қызметкерлері үшін жұмыс киімі ретінде пайдаланылатын болады. Бұл жыл сайын осындай киім-кешек сатып алуға 400 млн теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді” деп атап өтті министрлік.

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНЕ СЫН

Соңғы жылдардағы армия сапында адам өліміне соқтырған резонанстық оқиғалардан кейін қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттікті жоя алмай отыр, шынайы жағдайда жасқап, жасырады деген сын жиі айтылып, әскердің тәрбиелік саласына реформа керек екенін айтушылар көбейді.

Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Біраз уақыт бұрын «Оймаша» полигонында оққа ұшқан әкенің «жалғыз ұлымнан айырылдым» деп шырылдаған үні бүкіл қоғамды тағы дүр сілкіндіріп, осы үрейді үдете түскен. Одан кейін Қорғаныс министрлігіне қарасты Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер көз жұмды. 

Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінде кейінгі жылдары қанша сарбаз, қанша әскери қызметкер көз жұмғанын Ulysmedia.kz бұған дейін анықтап көрген еді.