×
511.22
540.05
4.73
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.22
540.05
4.73

Сот не себепті Бишімбаевті ата-ана құқығынан айырмағанын түсіндірді

12.11.2024, 17:06
Сот не себепті Бишімбаевті ата-ана құқығынан айырмағанын түсіндірді
ашық дереккөзден

Астанада сот не себепті экс-министр Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айырмағанын түсіндіретін хабарлама таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БҮГІНГІ ШЕШІМ

Сот тағы да Қуандық Бишімбаевті ата-ана құқығынан айырудан бас тартқанын бүгін хабарлаған едік. 12 қарашада Астанада экс-министрдің бұрынғы әйелі Назым Қахарманның апелляциялық шағымы қаралған. Назым Қахарман өзінің бұрынғы күйеуі Қуандық Бишімбаевтың резонансты ісі жайлы Қазақстан түгілі басқа мемлекеттер білетінін айтады. Бұл жайт балаларының болашағына теріс әсер етуі мүмкін деп болжайды. Назым Қахарман Салтанат Нүкенованы аяусыз өлтіргеннен кейін экс-министрді әке деп атауға болмайтынын айтады. Соған қарамастан,  апелляциялық алқа бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырған. Отырыс жабық форматта өтті.

СОТ НЕ ДЕЙДІ

Астана соттары таратқан ақпаратта бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылғаны, себебі жауапкер балаларға қатысты ата-ата құқығынан айыратындай әрекеттерге жол бермегені жазылған.

Ата-ана құқығынан Бишімбаевті айыру үшін Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 75-бабындағы мына нормалар бұзылған болуы керек:

  • ата-аналардың міндеттерін орындаудан жалтару, оның ішінде алимент төлеуден қасақана жалтару;
  • ата-ана құқықтарын теріс пайдалану;
  • балаға қатыгездік көрсету, оның ішінде оған күш қолдану немесе психикасына зорлық жасау, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасау;
  • құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға және (немесе) сол тектестерге салыну;
  • өз баласының, жұбайының не отбасының басқа мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау.

– Қылмыстық құқық бұзушылық отбасы мүшесіне қатысты жасалмаған. Сондай-ақ сот әкесі балалардың тегін өзгертуге келісім бергенін назарға алып, талап қоюшыға осы мәселемен АХАТ органына жүгіну құқығын түсіндірді. Аталған шешімге талап қоюшы шағым келтірді. Апелляцияда қарау кезінде жауапкер балалардың тегін өзгертуге және шетелге шығуға келісім берді. Апелляциялық саты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді, – делінген сот хабарламасында.

БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске сала кетсек, 13 мамырда Астанада әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды. 

Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылған. Сот үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ulysmedia.kz бұған дейін экс-министрдің бұрынғы әйелі Назым Қахарманмен сұхбаттасқан еді.