Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжіліс кулуарларында "Қазақфильм" компаниясын мемлекет тарапынан тікелей қаржыландыру мәселесі заңнамалық тұрғыдан қаралып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЗАҚФИЛЬМ ЖАБЫЛМАЙДЫ
Аида Балаева әуелі "Қазақфильм" жабылмайтынын мәлімдеді.
– Мен министр ретінде мұны ресми түрде жариялаймын. Бұл біздің тарихымыз. Кино мен кинематографияның дамуы Қазақфильммен тікелей байланысты. Сондықтан оны сақтау және дамыту – біздің ұрпақ ретінде міндетіміз, – деді ол.
ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ
Балаева мәдениет министрлігінің қазір Қазақфильмді тікелей қаржыландыруға құқықтық негіздері жоқ екенін айтады. "Қазақфильмнің" дәл қазір кино түсіретін барлық продюсерлік компаниялар сияқты тең құқығы бар.
– Біз бұл мәселені заңнамалық деңгейде реттеу үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Яғни, Қазақфильмнің тікелей қаржыландыру құқығы болатын норманы заңға енгізудеміз. Қазір оның мұндай қаржыландыруға құқығы жоқ. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе, – деді министр.
“Қазір кинокомпанияның жағдайы өте ауыр, атап айтқанда инфрақұрылым қатты зардап шекті” деді Балаева. Сондықтан министрлікте менеджмент тәсілі қайта қаралуда.
ҚАЗАҚФИЛЬМДЕГІ ШУ
"Алматы әкімшілігі, "Қазақфильмнен" тарт қолыңды!". Дәл осындай ұранмен жақында отандық киногерлер президентке үндеу жолдаған еді.
Бұл туралы белгілі танымал қазақстандық кинорежиссер, әнші, композитор, өнертанушы Ерлан Төлеутай Facebook-тегі парақшасында жариялады..
“Біз тағы майданға шықтық. Біздің бұл майданымыз ұзақ жылға созылған қазақ – қалмақ соғысына ұқсайды. Жиырма жылға созылған бұл соғыста "қалмақтар" (Назарбаевтар) жыл сайын шабуыл жасайды, "қазақтар" (киногер қауым) үнемі жанқиярлықпен қорғанамыз. Біздің қамал-қорғанымыз – "Қазақфильм" киностудиясы. Қорғана жүріп, тұтқиыл, шабуылдарға шығу арқылы біз мұздай қаруланған (әкімшілік, қаржылық, күштік құрылым ресурстарымен қаруланған) "қалмақ қолын" әлденеше рет қирата жеңдік”, деді Е.Төлеутай әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ өнертанушы осы жылдар ішінде көп әскері (коллективіміз) шығынға ұшырағанын да жазады.