×
511.22
540.05
4.73
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.22
540.05
4.73

АҚШ Киевке ауқымды шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескертті

20.11.2024, 17:46
АҚШ Киевке ауқымды шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескертті
Фото: Photoshot/picture alliance

Киевтегі АҚШ елшілігі Украина астанасына ауқымды әуе шабуылының болуы мүмкін екенін ескертті. Әуе соққысы бүгін, 20 қарашада жасалуы ықтимал деп жарияланды, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

«Бізде ірі әуе шабуылының болуы мүмкін екендігі туралы нақты ақпарат бар», – делінген елшіліктің X платформасындағы мәлімдемесінде.

Елшілік америкалық азаматтарға дабыл дыбысы шыққан жағдайда дереу қауіпсіз жерге бару ұсынылды. Сонымен қатар, ықтимал қауіпке байланысты АҚШ, Грекия, Испания және Италия елшіліктері өз жұмысын уақытша тоқтатты.

ШИЕЛЕНІС

Бұл ескерту Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс күшейген тұста жасалып отыр. Өткен аптаның соңында Ресей армиясы Украинаға жаппай авиациялық соққы жасап, жүздеген снаряд пен дрон жіберген болатын.

Жағдай АҚШ президенті Джо Байденнің Украинаға Ресей аумағына соққы жасауға арналған ұзақ қашықтықтағы қаруды қолдануға рұқсат беруінен кейін одан әрі ушыға түскен. Осыған байланысты украиналық әскерилердің ATACMS америкалық зымырандарымен Брянск облысындағы Ресей әскери нысанын атқылағаны туралы ақпарат тарады.

РЕСЕЙ ЖАУАБЫ

Бұл оқиғадан кейін Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев ядролық қаруды қолдану мүмкіндігін қайта еске салды.

Украина мен Ресей арасындағы жағдай күрделене түскен шақта, қауіпсіздік шаралары қатаңдатылып, халықаралық қауымдастық оқиғалардың одан әрі дамуын жіті бақылауда ұстап отыр.

ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІЛІГІНІҢ ЕСКЕРТУІ

Бүгін Қазақстанның Киевтегі елшілігі шұғыл мәлімдеме таратты. 

Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі Украинада артиллериялық атқылау мен әуе шабуылдарының жиілігінің артуына байланысты, қауіпсіздік мақсатында Қазақстан азаматтарына белсенді ұрыс қимылдары жүргізіліп жатқан жерлерге жақын аумақтарды қалдыру немесе Украинадан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.