Ақтаулық блогер әрі белсенді Азамат Сәрсенбаев мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинді және оның қаңғыбас жануарларды өлтіруді ұсынған заң жобасын сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Блогер жуырда мәжілісте өткен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген өзгертулер талқыланған дөңгелек үстелге қатысты пікір білдірді. Сәрсенбаев қаңғыбас жануарларды өлтіруге қарсы екенін жеткізді.
СӨЗБЕ-СӨЗ
«Әрине, ең бастысы – адамдардың қауіпсіздігі. Бірақ Жаңбыршиннің ұсынатыны – қисапсыз қыру және панасыз жануарларға толық қатыгездік таныту. Біздің елде балалар мен жастардың жануарларға деген қатыгездіктік танытуы аз болып тұрған жоқ. Ол бізді осы жағдайға тереңірек енуге шақырады», – деп жазды ол.
Блогер Қазақстан Түркия немесе Грузияның тәжірибесіне тереңірек үңіліп, адамгершілік көзқарасты үйренуі керек деп санап отыр.
«Қаңғыбас жануарлар мәселесін шешуді кез келген жағдайда «өлтіру немесе өлтірмеу» мәселесіне әкеліп тіреп қоюға болмайды. Егер сіз саналы ұрпақ болғыңыз келсе, айналаңыздағы әлеммен үйлесімді өмір сүруді үйреніңіз. Егер сіз бұзақылар мен жауапсыздардың ұрпағын қаласаңыз, мәселелерді өлтіру арқылы шешіп, өмір сүруді жалғастыра беріңіз», – деп түйіндеді Сәрсенбаев.
ОҚИҒА ЖЕЛІСІ
Еске сала кетсек, бұған дейін мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға түзетулер енгізуге қатысты заң жобасын ұсынған болатын. Құжатта қаңғыбас жануарлардың эвтаназиясын (жануарларды қинамай өлтіру) заңдастыру көзделген.