Италияда біреулер қазақстандық блогер Мадленнің (Мадинахон Мамадалиева) Louis Vuitton чемоданын ұрлап кеткен. Оның айтуынша, ішінде шамамен 70 мың доллар, яғни 32 млн теңгеге жуық тұратын бренд киімдер, аяқкиімдер мен сөмкелер болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұрлық 6 қыркүйекте блогер Венеция кинофестиваліне пойызбен бара жатқанда болған. Чемодан оның орындығының үстіндегі жүк сөресінде тұрған. Ол бір сәт телефонға алаңдап кеткенде, жүгінің жоқ екенін байқаған.
Блогердің айтуынша, ұрланған заттардың арасында өте қымбат бұйымдар, соның ішінде қолтырауын терісінен жасалған дүниелер де болған.
«Мұнда қалта ұрылары көп екенін жақсы білемін, әсіресе Канн немесе Венеция фестивальдері кезінде. Бірақ бизнес-класта пойызда, өз орныңда отырған кезде, төбеңде тұрған чемоданды соншалық оңай ұрлап кетеді деп ойламаппын», — деп жазды ол.
Мадлен ұрланған дүниелердің бағасынан гөрі, жанына қымбат заттар болғанына көбірек өкінетінін айтты.
«Чемоданның ішінде мен үшін ерекше мәні бар заттар болды. Бағалы сыйлықтар, өз тарихы мен естелігі бар дүниелер еді. Оларды жай ғана дүкенге барып қайта сатып ала алмайсың», — деді блогер.
Ол бөтен елде жалғыз қалып, бір сәтте жеке заттарынан айырылып қалу өте ауыр тигенін де айтты.
Мадинахон Мамадалиева - қазақстандық танымал блогер әрі инфлюенсер. Ол әлеуметтік желіде саяхат, қымбат брендтер және күнделікті өмірі туралы контент жариялайды.
Бұған дейін де блогер сән-салтанатты өмір салты туралы жазбаларына байланысты әлеуметтік желіде бірнеше рет қызу талқыға түскен.