Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының құттықтауын қалың көпшілікке Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.
«Бұл – төл мәдениетімізді күллі әлемге танытатын бірегей жоба. Биылғы байқау қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Фильмдеріміз беделді байқауларда жүлде алып жүр. «Еуразия» халықаралық кинофестивалі шын жүйріктерді анықтап, ең үздік жобаларға жол ашады деп сенемін. Көрерменге ой салып, рухани азық болатын туындыларыңыз көп болсын!» – деді Президент.
Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді. Фестивальге 15-тен астам ел қатысып жатыр.
Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ұйымдастырған.
Айта кетейік, биыл конкурс бағдарламасында үш құрлықтан келген 12 фильм ұсынылады.
Еске сала кетсек, бұған дейін кинорежиссер, әнші, композитор, өнертанушы Ерлан Төлеутай бастаған отандық киногерлер "Қазақфильм" мәселесімен президентке үндеу жолдаған болатын.
Ал басынан сын арылмаған “Қазақфильм” ұлттық киностудиясына қатысты пікір білдірген Аида Балаева кино мен өнерді алдымен қазақ тілінде дамытуға мән берілетінін айтты. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі мәжіліс кулуарларында "Қазақфильм" компаниясын мемлекет тарапынан тікелей қаржыландыру мәселесі заңнамалық тұрғыдан қаралып жатқанын мәлім етті.