Белсенді Санжар Боқаев сауда жәен интеграция министрі Арман Шаққалиевтің «он жұмыртқа 535 теңге тұрады» деген сөзі өтірік екенін дәлелдеді. Ол үшін Боқаев арнайы Алматыдағы сауда желілеріне барып, жұмыртқаның министр айтқан бағадан кемі бір жарым есе қымбат екенін нақты көрсеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
ШЕНЕУНІКТЕР ЕЛ ӨМІРІНЕН АЛЫСТАП КЕТКЕН
Жақында өткен Үкімет отырыстарының бірінде Арман Шаққалиев он жұмыртқа 535 теңге тұратынына сенімді екенін айтып, тіпті бұған қарсы пікір білдірген журналистке сол жұмыртқаның қайда сататынын көрсете алатынын айтқаны бар. Белсенді Санжар Боқаев министрдің бұл тұжырымымен келіспейді.
– Сонымен, министр он жұмыртқа 535 теңге тұрады деді. Магнумға кірдім. 10 жұмыртқа мұнда 762 теңге, тағы бірі 768 теңге, енді бірі 829 теңге, 799 теңге тұрады екен. Бәрі де жұмыртқаның санатына байланысты. Ең арзаны 619 теңге. Яғни, 535 теңге деген бағаға тіпті ең жақын деген жұмыртқа жоқтың қасы, – дейді ол өз парақшасына жариялаған видеода.
Боқаев басқа сауда маркеттерін де аралап шыққан. Ол жерде де ең арзан жұмыртқалардың ондығы 636 теңге болса, қалғаны бұрынғыша 700-800 теңгенің ішіндегі бағаны көрсеткен.
– Бұл нені көрсетеді? Шенеуніктер өз есебінде көрсетілген сандармен ғана өмір сүретінін көрсетеді. Олар шынайы өмірдің не екенін білмейді. Алыстап қалған. Мұндай министрлікті (сауда және интеграция министрлігі) мүлде жаба салуға болады. Мен олардың министрліктері жайлы ақпаратты қарап шықтым. Олар шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын дамытуға, ішкі сауданы дамытып, реттеуге, сауда инфрақұрылымын жетілдіруге, биржалық және электрондық сауданы дамытып, стратегиялық, бақылау, іске асыру және реттеу функцияларын қоса алғанда, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға жауапты екен. Олардың өзінің тікелей міндеттемелерімен айналыспайды. Бағаны да реттей алмайсыздар! Сауданы дамытып отырған жоқсыздар! Сөйте тұра уақыт белдеуіне кіріседі, – дейді ол.
ПРОБЛЕМА ЖОҚ ЖЕРДЕ – ПРОБЛЕМА ТАУЫП БЕРДІ
Санжар Боқаев осылай мәселе көтере келе жаңа уақыт белдеуіне қарсылығын білдірді. Ол үшін АҚШ-та сағат кешкі 17:17 уақытында күн қаншалықты жарық екенін, ал Алматыда дәл сол уақытта қаншалықты кеш батып кеткенін көрсетті. АҚШ-та төрт уақыт белдеуі бар. Санжар Боқаевтің сөзінше, екі уақыт белдеуінде жүрген кезде Қазақстанда ол жағынан ешқандай мәселе болмаған.
Белсенді Шығыс Қазақстан облысы Катонқарай ауданы Барлық ауылында түсірілген видеоны көрсетеді. Ол видеода сағат түскі 13:45 кезінде тау ішіндегі ауылда күннің батып бара жатқаны көрсетілген. Ал Арман Шаққалиев жақында Үкімет отырысында “арнайы білімі жоқ адамдар өзінің күнделікті қамы үшін әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлерді таратып жатыр” деп пікір білдірген еді. Боқаев мұндай кеудемсоқтықты қатаң сынайды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің уақытты зерттеуге 160 млн теңге бөліп жатқанын да құп көрмейді. Олар отставкаға кетуі керек деп есептейді. Осындай шенеуніктердің әрекетінен ел ішінде наразылық ұлғайып бара жатқанын айтады.