“Өзенмұнайгаз” АҚ-ның бас директоры Жанболат Саймағанбетов акционерлік қоғамға қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" компаниясының ереуілдетіп тұрған жұмысшыларына мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жанболат Саймағанбетов жұмысшылардың жұмысты тоқтатқанына 14 күн толғанын атап өтіп, олардың талаптарын “заңсыз” деп атады.
“Біріншіден, “Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының талаптары заңсыз және Өзенмұнайған компаниясының деңгейінде қарататын болғандықтан, заң аясында ҚазМұнайГаз басшылары келмейді. Екіншіден, 25-күні барлық басқармалар бойынша ай жабу, табель тапсыру жұмыстары жүргізіліп, аяқталады. Сондықтан мынандай шешім қабылдадым: 12 қарашадан бастап жұмысшыларға еріп, басқа да мекемелердің жұмысшылары қолдау жасап, 10 шақты сағат тұрып қалғанына, 12-сінен 15-сіне дейінгі толықтай күндерін (жалақыларын) қойып беремін. Себебі түсіндірме жұмыстарының арқасында әріптестеріміз жұмыстарын бастап кетті. Оларға рахмет айтамын” деді ол.
“Өзенмұнайгаз” АҚ-ның бас директоры 15-25 қараша күндері ереуілде тұрып, қызметке оралған жұмысшыларға жалақысының 50 пайызын төлеуге дайын екенін жеткізді. Ал ереуілді жалғастыратын жұмысшыларға жалақы жоқ екенін айтты.
“Ай жабылғаннан кейін (ереуілдетіп) тұрған жұмысшыларға ақшалары төленбейді” деген ол әріптестерін тәртіпке сай, жұмысқа шығып, жалғастыруға шақырды.
“БІЗ ШЕШЕ АЛМАЙМЫЗ, ЖОҒАРЫ ЖАҚ ШЕШЕДІ”
Ulysmedia.kz тілшісімен сөйлескен компания жұмысшысыларының бірі үндеуінде “мәселе Өзенмұнайгаз деңгейінде қаралады, ҚазМұнайГаз басшылар келмейді” деген Жанболат Саймағанбетов өздеріне қойылып отырған талаптарды орындай алмайтынын, оны шешу “жоғары жақ” – “ҚазМұнайГаз”-дың еншісінде екенін жеткізгенін айтқан.
“Бізде бұрын 7 талап болған, екеуін орындау қиын деген соң 5-ке түсірдік. ҚазМұнайГаздан алдымызға келсін, сөйлесеміз, келісеміз. Аспандағы айды сұрап жатсыңдар, мынау мүмкін емес десе халық та түсінеді ғой. Шабармандарын, прокуратураны жібермей бізге өздері келсін. Жағдайға қарай сөйлесеміз. Келмейінше, жұмысты жалғастырмаймыз, осылай талап етіп тұра береміз” деген жұмысшылар.
Ал ҚазМұнайГаз өкілдері жұмысшыларға бармай, тек баспасөз қызметі арқылы талаптарды орындай алмайтынын мәлімдеген.
ҚазМұнайГаз басшысы Асхат Хасенов Ulysmedia.kz порталына бергеу жауабында жұмысшыларға баруға құлықты еместігін білдірді.
“АРАНДАТУ”
Ереудетіп тұрған жұмысшылардың бірі Ulysmedia.kz тілшісіне “Өзенмұнайгаз” АҚ-ның бас директоры Жанболат Саймағанбетовтың мәлімдемесін “арандату” деп бағалап, ереуілді жалғастырып 1000-нан аса жұмысшы тұрғанын, талаптары өзгермегенін айтты. Қойып отырған талаптару жүйелі шешімін таппайынша ереуілді тоқтатпайтынын атап өтті. Арасында 150 шақты жұмысшы қызметіне оралғанын, кейбірі қайтадан ереуілшілер қатарына қосылып жатқанын жеткізді.