×
511.22
540.05
4.73
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
511.22
540.05
4.73

Жаңаөзендегі жұмысшылар наразылығы: ҚазМұнайГаз бес талапқа не деп жауап берді

15.11.2024, 12:30
Жаңаөзендегі жұмысшылар наразылығы: ҚазМұнайГаз бес талапқа не деп жауап берді
Ulysmedia коллажы

«ҚазМұнайГаз» компаниясы «Өзенмұнайгаздың» наразы жұмысшыларының талабына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“БҰЛ ТАЛАПТЫ ОРЫНДАУ МҮМКІН ЕМЕС”

ҚазМұнайГаз «Өзенмұнайгаз» АҚ зейнеткерлерінің (бұрынғы қызметкерлерінің) балаларын жұмысқа орналастыру жайлы талапқа былай жауап береді.

– ӨМГ зейнеткерлерінің балалары компанияның штатына тікелей алынса, 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады. Алгоритмге сәйкес ӨМГ зейнеткерлерінің балалары мен жұмыссыз азаматтар 50/50 пропорциясы бойынша тең дәрежеде жұмысқа қабылданады. Бұл талапты орындау мүмкін емес, өйткені жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған Жаңаөзен қаласының басқа жұмыссыз тұрғындарының құқығын бұзады, – дейді ҚМГ жауабында.

ЗЕЙНЕТ ЖАСЫНА ҚАТЫСТЫ ТАЛАП

Жұмысшылардың тағы бір талабы – зейнетке ерте шыққанда төлем мөлшерін ұлғайту (300 АЕК) болған. Бұл жөнінде ҚазМұнайГаз ӨМГ-де жұмысшыларға мерзімінен бұрын зейнетке шығуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама барын хабарлайды. Зейнет жасына тақаған қызметкерлерге арналған бағдарламаның талаптары айлық есептік көрсеткішке (АЕК), мұнайшының өтілі мен жасына байланысты, сонымен қатар отбасы мүшесін жұмысқа орналастыру мүмкіндігі де қарастырылғаны аталып өтеді.

Төлем мөлшері жұмысшының өтіліне және зейнетке шығуға дейін қалған айлар санына байланысты АЕК негізінде есептеледі. Бұл ретте, төлемақының ең жоғары мөлшері 125 АЕК — 40 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлер үшін белгіленген. Мысалы, ӨМГ-да 40 жылдан астам жұмыс істеген қызметкер бүгінде 60 жасқа келіп ерте зейнетке шықса, 16,6 млн теңге алады. Жұмысшылар кәсіподағы қойып отырған талап — АЕК мөлшерін 125-тен 300 АЕК-ке дейін ұлғайту, бұл төлем мөлшерін екі еседен астамға  арттырады. Алайда “компанияда қазірдің өзінде жақсы жағдай жасалған, бір қызметкерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау мөлшері — ең жоғары көрсеткіштердің бірі” дейді ҚМГ.

БАЗА САЛЫНА МА

Ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы жанынан 1000 орындық арнайы техниканы жөндейтін база салуға қатысты ҚМГ былай жауап берген.

– ӨМГ жыл сайын арнайы техниканы жаңартып отырады. Қазіргі уақытта бұрғылау жұмыстарын басқармасының техникасын қоса алғанда, автопарктің 65% жаңартылды. 2022-2024 жылдар аралығында бұған 22 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалды, ал 2029 жылға дейін тағы 53 млрд теңгеден астам бөлінетін болады. Техниканы жаңартудың нәтижесінде жөндеу жұмыстары азайды, сондықтан жұмысшылар талап еткендей жаңа жөндеу базасын салу тиімсіз болып отыр. Арнайы техниканы жаңарту жұмыстары ҚМГ тобының барлық компаниясында жүргізіліп жатыр, – делінген жауапта.

ҰЖЫМ ШАРТЫН ҚАЙТАРУ

Кәсіподақ 2013 жылы қолданыста болған ӨМГ ұжымдық шартының 5.19 тармағын қайтаруды ұсынады. Бұл тармақ бойынша жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналары жұмыс берушінің есебінен төленіп келген. “Ал 2017 жылдан бері қызметкерлерге жалақы салық ұсталғаннан кейін беріледі, бұл ҚР заңнамасына толығымен сәйкес келеді” дейді ҚМГ.

2024 жылдың шілдесінде Өзенмұнайгаз компаниясында еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне өту жұмыстары басталған. Кәсіподақтар мен ҚР Еңбек министрлігінің қатысуымен күрделі жұмысты әділ бағалауға негізделген ережелер әзірленді. Қазіргі уақытта ӨМГ ішінде өзара келісімдер жүріп жатыр.

ОПЕРАТОРЛАРДЫҢ САНАТЫН КӨТЕРУ

Ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу машинистері мен оператордың санатын 6-7-ші дәрежеге көтеруге қатысты жауапта былай делінген:

– Жұмысшысының дәрежесі ҚР Еңбек министрлігінің 2018 жылғы бұйрығымен бекітілген Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы бойынша белгіленеді. Қазір күрделі жұмыстарға тартылған ұңғымаларды жерасты жөндеу машинистері мен операторына төлем 6-шы дәреже бойынша жүргізіледі. Бұл осындай жұмыстар үшін әділ ақы төлеуді қамтамасыз етеді, – делінген ҚМГ.

ҚОСЫМША ЖАЛАҚЫ

Ұжымдық шартқа 30% қосымша жалақы төлеу тәртібін енгізуге байланысты ҚМГ Қазақстан заңнамасына және ӨМГ-ның 2023 жылғы еңбекақы төлеу ережелеріне сәйкес 30%-ға дейінгі үстемақы лауазымдарды қоса атқарғаны, қызмет көрсету түрлерін кеңейткені немесе қосымша функцияларды орындағаны үшін төленетінін хабарлайды. Сондай-ақ ӨМГ жұмысшыларының жалақысына жыл сайын индексация жүргізіледі.

– Бұл өңірдегі басқа мұнай өндіруші кәсіпорындардағы орташа жалақыдан асады. ҚМГ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев ӨМГ жұмысшылары талап қойған күннен бастап Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында, – делінген жауапта.

ЖАҢАӨЗЕНДЕГІ ЖҰМЫСШЫЛАР ТАЛАБЫ

Жаңаөзендегі "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" компаниясының жұмысшылары ереуілдетіп тұрғанын хабарлаған едік. Ulysmedia.kz тілшісімен сөйлескен қызметкерлердің бірі “талабымыз орындалмайынша, жұмысты жалғастырмаймыз” дейді. «Өзенмұнайгаз» өкілдері “басшылық кәсіпорын жұмысшыларымен келіссөз жүргізіп жатыр” деп жауап берген.