×
523.58
549.71
5.01
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.58
549.71
5.01

MNU университеті: Құндылықтарға негізделген жоғары оқу орны

28.11.2024, 16:08
MNU университеті: Құндылықтарға негізделген жоғары оқу орны
Коллаж Ulysmedia.kz

26 қараша күні елорданың қақ төрінде Maqsut Narikbayev University-не оқуға түскен жастарды студент қатарына қабылдау салтанатты рәсімі өтті. Жыл сайын бұл іс-шараның да ауқымы кеңейіп, бүгінде ол университеттің визит карточкасына айналып үлгерді.
 

Биылғы шара тақырыбы әрбір қазақстандықтың бойында болуы тиіс алты құндылыққа негізделген. Бұл құндылықтар туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы өткен ІІІ Ұлттық Құрылтай отырысында атап өткен еді. Олар: тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық.

Ulysmedia тілшісі де осы салтанатты рәсімге қатысқан еді. Сонымен, есте қаларлықтай қандай бағдарлама болды?

Университеттің студенттерді қабылдау рәсімін ұйымдастырудағы ұстанымына «бес» деген баға қоюға болады. Шарада ең есте қалған сәт – үлкен форматтағы Қазақстан туын ортаға алып шығу болды. Бұл келешекке деген ұмтылыс пен елді мақтаныш етудің жарқын нышаны емес пе? Ауданы 800 шаршы метрді құрайтын және салмағы шамамен 60 килограмм болатын жібек ту өз ауқымымен де, маңыздылығымен де таң қалдырды. Сонымен қатар шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, қоғам қайраткерлері, журналистер және блогерлер қатысып, іс-шараның маңыздылығын айшықтай түсті.

Студенттер қатарына қабылдау салтанатты шарасын Ғылым және жоғары білім министрі ашты. Ол өз сөзінде америкалық жазушы Фрэнк Герберттің әйгілі сөзін мысалға келтірді:

"Қорқыныш ақылды өлтіреді. Қорқыныш – ол кішкентай ғана өлім, бірақ бәрімізді құртатын сол болмақ». Қазақ мұны «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді. 
Мен сіздерге бір ғана кеңес берер едім: ештеңеден қорықпаңыздар. Сіздер – ең үздік ұрпақсыздар. Сіздердің барлық мүмкіндіктеріңіз бар. Цифрландырылған платформаларға, жасанды интеллектке, үздік кітапханаларға баруға, пайдалануға бар мүмкіндік жасалған. Осының барлығын пайдаланыңыздар және ештеңеден қаймықпаңыздар! – деп жігерлендірді Саясат Нұрбек.

Кейіннен шараға жиналған жастарға MNU провосты (ректордың бірінші орынбасары) Сергей Пен сөз сөйледі. Ол құндылықтардың қоғамымызды қалай қалыптастыратыны жайлы өз көзқарасымен бөлісті:

– Біз немен мақтана аламыз? Біз – сан этносты бауырына басқан қазақтай дархан елдің дастарханынан дәм татқан Қазақстан халқымыз. Қазақстанда әр адам өз отандастына көмек беруге дайын тұрады. Билер немен ерекшеленді? Неліктен әділдік соншалықты маңызды? Олар төрелік айтқан кезде, ешкімнің көңіліне қарамады. Әділдігін айтты. Қазақ «тура биде туған жоқ, туған-ды биде иман жоқ» деп бекер айтпаған. Соның арқасында оларды жұртшылық құрметтеді, олардың шешімдері әр адамға түсінікті болды әрі адалдыққа негізделген еді. Бізге дәл осындай әділдікті іздеу қажет, – деді ол.

Ауыспалы кубок

Дәстүр бойынша, студент қатарына қабылдау рәсімінің маңызды сәті студенттердің жыл сайынғы ауыспалы Кубок үшін жарысуы. Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін және берілген тақырыптарды ашу деңгейін бағалап, ұпай беріп, жеңімпазды анықтады. Жеребе тарту арқылы әр мектеп өз бағытын таңдады: Жоғары гуманитарлық мектеп «Тәуелсіздік пен патриотизм» тақырыбын, Жоғары құқық мектебі – «Бірлік пен ынтымақ» тақырыбын, Халықаралық экономика мектебі – «Заң мен тәртіп» тақырыбын, ал Халықаралық журналистика мектебі – «Еңбекқорлық пен кәсібилік» тақырыбында өнерлерін көрсетті. 

Студенттер театрландырылған қойылымдар мен әлеуметтік жобаларын таныстырды. Өздерінің айтуынша, олар бұл қойылымдарға бірнеше ай бойы дайындалған. MNU-дағы оқу үлкен күш пен уақытты талап етеді, бірақ студенттер оқудан қол үзбей-ақ күнделікті дайындыққа да уақыт тапқан. Бұл тәжірибе оларға тайм-менеджмент және мақсатқа жету жолындағы ішкі тәртіп  дағдыларын дамытуға көмектесті, бұл олардың жеке тұлға ретінде өсуіндегі маңызды қадам болды.

Жоғары гуманитарлық мектептің өнері залға жиналғандардың есінде ерекше қалды десек артық айтқандық емес. Олар тәуелсіздік пен патриотизм тақырыбын еліміздің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи оқиғалар арқылы терең аша білді. Олардың перформансы көрермендердің жүрегіне ұялап, әрқайсымыз үшін тәуелсіздіктің құндылығы мен маңыздылығын еске салды.

Қазылар шешімі бойынша жеңіс Халықаралық экономика мектебіне бұйырды. Олар «Заң мен тәртіп» тақырыбын ұсынған болатын. Қазылар алқасы тек қойылым деңгейін ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жобаның жүзеге асырылу мүмкіндіктерін де бағалаған секілді.

"Біз болашақты бірге жасаймыз. Мен сіздерге сенемін. Біз әлемді өзгерте аламыз. Адамдар тәртіпті болып кетпейді, өйткені оларға қатаң заң қолданылады. Заң үстемдігі оның қатал болғандығынан емес, адамдардың өздері қоғамдық құндылықтар мен тәртіпке бағынған кезде ғана мүмкін болады. Заң деген ол мына отырған бәріміз, – деп қорытындылады Халықаралық экономика мектебінің студенттері.

Кештің басты хедлайнері Irina Kairatovna тобы болды. Олар салтанатты шараны өздерінің ең танымал әндерімен аяқтады.

Құндылықтар арқылы білім беру

Ulysmedia тілшісі кейбір студенттермен сөйлесіп, олардың кештен алған әсерін сұрап білді. Екінші курс студенті Амина мұндай іс-шаралар оқу процесінен алаңдатпайтынын, керісінше, жаңа шыңдарды бағындыруға күш пен қуат беретінін айтты. 

"– Маған біздің университеттегі студенттік өмір қатты ұнайды. Бізде осындай қабылдау рәсімі, көптеген ұйымдар бар. Мысал ретінде шахмат және дебат клубтарын айтуға болады. Маған университетіміздің ең ұнайтын жері – мұнда тек оқуға ғана емес, сонымен қатар өмірімізді қызықты етуге де көп көңіл бөлінеді. Бұл бізге күйзеліске түспеуге көмектеседі, себебі оқуымыз қиын. Біз осы билерден, әндерден, актерлік қойылымдардан шабыт аламыз, – деді ол.


MNU оқытушысы Нұркен Айменов осы университетті бітірген. Ол университеттің академиялық процеспен қатар студенттерге белгілі бір құндылықтарды – еркіндік, адалдық және жауапкершілікті сіңіретінін айтты.

"Университетімізді қай жағынан да мақтай беруге болады. Мұнда шынымен де жемқорлық мүлдем жоқ. Мен өзім студент болған кезімнен бері байқаған ең үлкен фактор – MNU-да студенттер еркін. Оларға осы еркіндік беріледі. Мұны қолдан жасау мүмкін емес, себебі еркіндік ол табиғи болуы тиіс. Ең бастысы – бұл жеке жауапкершілік. Менің ойымша, патриотизм елдегі үлкен процестерге әсер ету үшін тек өз жұмысыңды жауапкершілікпен атқарудан басталады, – деп түсіндірді ол.

Нәтижесінде MNU тек білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар патриоттық қағидаттарды бойына сіңірген азаматтарды да дайындайды.

Maqsut Narikbayev University іргетасы 1994 жылы қаланған және осы уақыт аралығында 30 мыңнан астам білікті маман дайындап шығарды. Мұнда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша болашақ заңгерлер, экономистер, қаржыгерлер, журналистер, туризм, психология, аударма ісі және бизнес мамандары білім алады.

Айта кету керек, университет – ТМД аумағында QAA аккредитациясын алған алғашқы оқу орны. Сонымен қатар, ол BIG4 компанияларына түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша үздік 5 университеттің қатарына енді. Соңғы төрт жыл бойы университеттің білім беру бағдарламалары Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Атамекен" ұйымдастырған білім беру бағдарламаларының рейтингінде тұрақты түрде көш бастап келеді.