Тұрғындары бірнеше күн бойы далаға шығудан қалған Өскемен қаласында бүгін де қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталып тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Өскеменде 20 қарашадан бері қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан. ШҚО экология департаменті ҚМЖ қараша айының соңына дейін созылатындығын мәлім еткен. Алайда 1 желтоқсан, яғни бүгін де әлі қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталып тұр. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, қала бойынша екінші дәрежелі ҚМЖ қалыптасқан.
Айта кетейік, Өскеменде ауа сапасын бақылау үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Оның құрамына экология департаментінің мамандары, қоғам белсенділері, метеорологтар, сарапшылар мен облыстық мәслихат депутаттары кірді. Комиссия мүшелері таяуда Защита шағын ауданы мен Мирный кентінде болып, ауа сапасын тексергені хабарланған.
Ал Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев мәселенің себеп-салдары мен оны шешу үшін шаралар атқарылып жатқанын айтқан.
«Қазгидромет» РМК бүгін тағы да Қазақстанның алты қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай болжанатынын ескертті.
Еске сала кетсек, Өскеменді қою түтін басып, оқушылардың апта соңына дейін қашықтан оқу форматына көшкені хабарланған.