«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, биыл қор 1 триллион 600 миллион теңге табыс тапқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
ТОЛЫҒЫРАҚ
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор қызметінен тиімді нәтиже бар екенін айтып, 2024 жылға таза табыс мөлшерін атады. Мұндай пікірді ол Bestnews.kz журналисінің қордың «топ-менеджменті биыл көпмиллиондық бонустар ала ма» деген сұрағына жауап ретінде білдірді.
«Самұрық-Қазына қорының басқаруында жалпы құны 81 миллиард АҚШ долларынан асатын активтер бар. Сіздердің ойларыңызша, осындай ауқымды сомаларға күн сайын шешім қабылдайтын адамдардың жалақысы қандай болуы керек? Нәтиже бар. Таза табыс. Сандар өздігінен-ақ сөйлейді. Биылғы таза табыс 1 триллион 600 миллион теңгені құрайды, егер қателеспесем. Жыл әлі аяқталған жоқ. Бізде жедел мәліметтер бар, бірақ таза табыс өткен жылғы көрсеткішке сәйкес келеді. Бұл қиын макроэкономикалық жағдайға, энергия ресурстарының бағасының төмендеуіне қарамастан орын алды. Осы сыртқы қиын факторларға қарамастан, таза табыс былтырғы деңгейден төмен болмайды деп есептеймін. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп санаймын», – деді Жақыпов.
БОНУС МӨЛШЕРІ
Жақыпов бонус мөлшерін нақтыламады.
«Бұл жоспарға сәйкес болады. Менің ойымша, осыған бар уақытын, күш-жігерін жұмсаған адамдар лайықты марапатталуы тиіс. Бұл мәселені кейінірек талқылауды ұсынамын, себебі қазір асығыс және жыл әлі аяқталған жоқ», – деді ол.