Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соты Есет батыр атындағы олимпиадалық резерв мектеп-интернатының 8-сынып оқушысының өліміне қатысты істі қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, 2024 жылдың 11 сәуірінде 2 курс студенті К. Жоғары сынып оқушыларымен бірге басқа оқушыларды «тәрбиелеу» үшін кездесу ұйымдастырды.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соқты деген айыппен Қ-ға қатысты (ҚК-нің 28-бабының 3-бөлігі және106-бабының 3-бөлігі) және абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соқты деген айыппен Ж.-ға қатысты (ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігі) қылмыстық іс қаралды.
СОТ АНЫҚТАДЫ
“2024 жылдың 11 сәуірінде Қ. Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 2-курс студенті 8-сыныптардың оқушыларына мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің бөлмесіне жиналу қажеттігін айтып, оларды жинауды Ж.-ға және басқа да 9-10-сыныптың оқушыларына тапсырған. Өз кезегінде, Ж. сотталушы Қ.-пен ойы бір екенін білдіріп, сол күні сағат 21:00 шамасында 8-сынып оқушыларын бөлмеге жинауға қатысқан. Сөйтіп, аталған бөлмеге Қ. келіп, 8-сынып оқушыларын бір сапқа тұрғызып, оларға моральдық пен физикалық қысым көрсетіп, жиналыс жасауға ешқандай өкілеттігі болмаса да, олардың тәртібі мен спорттағы нәтижелерінің төмендеп кеткенін айтып, Ж.-ға және басқа да 9 және 10-сыныптың оқушыларына 8-сынып оқушыларын ұрып өтуге нұсқау берген. Сондай-ақ, Қ. 9-сынып оқушылары Х. мен Ұ.-ға 8-сынып оқушыларын жәй ұрғандарын айтып, қайта қаттырақ ұруды талап етіп, аталғандар қайта 8-сынып оқушыларын ұрып шыққан. Кейін, Ж. 8-сынып оқушысы Ә.-ге келіп, оның екі бетінен өзінің екі қолының алақандарымен жеткілікті күшпен ұрып, онымен тоқтамай, соңғының екі иығынан екі қолымен ұстап, оң тізесімен Ә.-нің төс бөлігіне жеткілікті күшпен соққы жасап, оның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, соның салдарынан Ә. есін жоғалтып, арқасымен құлап, кейін қайтыс болған”, делінген сот хабарламасында.
ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Сот отырысында прокурор сотталушы Ж-ға 6 жыл 8 айға, Қ-ға 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер және оның өкілі сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады, ал олардың қорғаушылары Қ.-ні ақтауды, ал Ж.-ның қылмыстық әрекеттерін ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігіне қайта саралауды сұрады.
ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ЖАЗА
Сот үкімімен сотталушы Қ. кінәлі деп танылып, оған 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, ал сотталушы Ж. кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Азаматтық талап қоюшы Қ-ның азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.