Кеше ашық тұрған кофехана бүгін жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘҢГІМЕ НЕДЕН ШЫҚТЫ
Астанадағы Qazaq cofee кофеханасына барған бір азамат қазақ тілінде қызмет көрсетілмегені үшін ескерту жасаған. Ол кофехананың 2gis парақшасына сол ескертуін “қазақ тілінде мәзір жоқ” деп жазып кеткен.
Кофехана кешірім сұрап, кемшілікті түзетудің орнына қазақ тілін білуді қызметкерлерінен талап етпейтінін айтқан. Оны да орысша жазған.
– Менің персоналым қазақ тілін білуге міндетті емес. Ешбір мұндай жерде қазақ тілі толыққанды қолданылмайды. Тіпті құжаттың өзі 50-де 50 орыс және қазақ тілінде жүргізіледі, – деп жауап берген кофехана әкімшілігі.
СЫН ҚАРША БОРАДЫ
Осы жауабы – кофехананың өз-өзіне айтылған үкімдей болды. 2gis парақшасында 5 балдың 4,8 балымен үздік кофехана болып тұрған Qazaq cofee парақшасына 15 мыңға жуық адам пікір қалдырып, бәрі де “1” деген бағаны қойып кеткен. Әрі қазақ тілін талап еткен.
Кофехана парақшасында бүгін “уақытша жұмыс істемейді” деп жазылып тұр.