×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

Шерзат ісіндегі екі әйел қалай куәгер болып кетті

Бүгін, 17:38
Шерзат ісіндегі екі әйел қалай куәгер болып кетті
Ulysmedia коллажы

Шерзат Полаттың ісіндегі екі әйел куәгер болып кеткені дұрыс па? Бұл сұрақты Сенат кулуарында журналистер бұрынғы ішкі істер вице-министрі, қазіргі сенатор Марат Қожаевқа қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ҚОЖАЕВ НЕ ДЕЙДІ

11 желтоқсан күні баспасөз мәслихатын өткізген Қаржаубай Нұрымовтың тарапы Шерзат Полаттың ісіндегі екі әйел куәгер болып кеткенін айтқан еді. Адвокаттар мұнымен келіспейді. Алайда Қожаевтың бұл жөнінде пікірі олардың ойына қайшы.

– Қылмыс құрамы көп мән-жайдан құралады. Қылмыс құрамын айқындау үшін төрт компонент есепке алынады. Істің объективті және субъективті жағы қаралады. Солардың бәрі расталса ғана! Заң жайдан-жай қарамайды ғой. Сіздер, журналистер қалады екен деп, біз оларды бірден жазалай кетпейміз ғой. Бәрі заңнамаға сай призмамен қаралады. Егер сол адамдардың (Шерзат ісіндегі екі әйелдің) әрекетінде төрт компонент айқындалмаса, тіпті біреуі мәселен, “арам пиғылы болмаса” істе қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмады деп қаралады, – дейді ол.

Мәжіліс депутаттары бұған дейін қылмыстық кодекстің тергеу мәліметтерін жария етуді шектейтін бабын қайта қарау керек деген мәселені көтерген болатын. Бұл ұсыныс жөнінде Марат Қожаев бұрынғы тергеуші ретінде пікірін айтты.

– Кей кезде мәліметтер жарияға тым көп шығып кеткендей сезіледі. Оның салдары да болуы мүмкін. Біз ондайда басқа ізге түсіп, адасып кетуіміз мүмкін. Сол себепті бүкіл тергеу амалдарының шынайылығын күту керек. Бүкіл дәлел жиналып, жіті талданып, жан-жақты қаралғаннан кейін ғана процессуалдық шешім қабылдаған абзал. Сол кезде қоғамға қандай ақпараттарды жеткізуге болатынын шешу керек, – дейді Марат Қожаев.

Бұған дейін адвокат Асқар Қаймақов полиция Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 202-бабы (“бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлім еткен. Ақпаратты кейін полиция растады.

ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ

Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген. 

Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды.

Белсенді әрі Қаржаубай Нұрымов ұсталған кезде оқиға орнында болған куәгер Дінмұхамет Қаматай Нұрымовты ұстар алдында ол "полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады" деген ақпаратты жоққа шығарған.

НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.