×
522.49
547.88
5.06
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.49
547.88
5.06

Мемқызметшілерге сыйақы түрінде берілуі керек болған қанша ақша бюджетке қайтарылды

17.12.2024, 17:40
Мемқызметшілерге сыйақы түрінде берілуі керек болған қанша ақша бюджетке қайтарылды
Ulysmedia коллажы

Сыйақы мәселесіне келгенде әр министрлік өзінің жалақы қорына үңіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұған дейін активтерді сатып алудан, инвестжобаларды іске асырудан түскен қаражат бұрынғыдай мемлекеттік қызметшілердің сыйақысына жұмсалмай, бюджетке қайтарылатыны хабарланған еді. Жыл аяғы келді. Қаржы министрлігінде бұрын мемқызметшілерге сыйақы ретінде беріліп келген қанша қаражат бюджетке қайтарылғаны жөнінде есеп бар ма? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі қаржы вице-министрі Ержан Біржановқа қойды.

БІРЖАНОВ НЕ ДЕЙДІ

Вице-министрдің айтуынша,  жалпы мемлекеттік сатып алу процестері бойынша жоспарға сәйкес, 9,3 трлн теңге көзделген. Бірақ қазір 8,8 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алу көлемі өткен. Соның қорытындысы бойынша оңтайландырылған бюджеттің көлемі 840 млрд теңгені құраған (жалпы сатып алу бойынша).

– Осы бюджетті қайта қараған кезде бізде жоспарда болмай қалған шығындар бар. Мысалы үкімет резерві бар. Оған да бағыттадық. Бүгінгі таңда жұмыс қорытындысы бойынша 330 млрд теңге резервте болған еді. Бірақ су апатына байланысты шығындар болды. Сондықтан, алшақтықты 575 млрд теңгеге дейін ұлғайттық. Үнемделген қаражатты шұғыл шараларға жібердік. 

Ал сыйақы жайлы айтсақ, мемлекеттік органдардың әкімшілерінің өзі егер қаржы үнемдей алса, жалақы қорынан сыйақы беруге мүмкіншілігі бар. Бірақ егер басқа да зат сатып алса, қызмет алса, біз мұқият қадағалайтын боламыз, – дейді ол.

БАЙБАЗАРОВТЫҢ ПІКІРІ

Ulysmedia.kz тілшісі үкіметтің баспасөз мәслихатына қатысқан үш шенеуніктен (ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, экология министрі Ерлан Нысанбаев, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов) жаңа жыл қарсаңында сыйақы алатынын немесе алмайтынын сұраған. Нысанбаев басын шайқады. Ал Байбазаров былай деді.

– Нақты еңбекақы төлеу қоры бар. Егер сол қорда қаражат үнемделген болса, мемлекеттік органдар беруге құқылы. Ал басқа шығындар (мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаржы) сыйақыға жұмсалмайды. Болып жатса әрине, сыйақы беріледі. Бірақ бұл жерде әр министрліктің бюджетіне байланысты, – дейді ол.

ӘҢГІМЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ

“Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер енді сыйақы ала алмайды” деген ақпарат бұған дейін көп талқыланған еді. Қыжылын тұспалмен болсын біршамасы әлеуметтік желіге қалдырған. Кейбірі "басшылардың қалтасын жұқартпаса да, қарапайым, қатардағы мемлекеттік қызметкерлерге қиын болады" деп те жазған. 

Ulysmedia.kz тілшісі бүгін Астанада өткен шетелдік инвесторлардың кеңесінде өзі көрген бірнеше министрден осы мәселе жөнінде пікір біліп, сол басшылардың өздері қанша айлық әрі сыйақы алатынын біліп көрген болатын.

Кейін Тоқаев мемқызметшілердің сыйақысы жөнінде пікірін айтқан.