"Қазақмыс" корпорациясы "Жезқазғанцветмет" өндірістік бірлестігінің құрамына кіретін Оңтүстік-Жезқазған кенішінің және Жыланды кенішінің қызметкерлерінің жалақыны көтеру туралы талаптарына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Оңтүстік-Жезқазған кенішінің үшінші ауысым қызметкерлері жалақыны екі есеге арттыруды талап етті.
Корпорацияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Қазақмыс" бас директоры мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қызметкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
"Кездесу барысында олар “Жезқазғанцветмет” мекемесіндегі ең төменгі жалақы 363 мың теңге екенін (жөндеу-механикалық басқармасының ғимараттарды тазалаушы қызметкері), ал медиандық жалақы 650 мың теңге екенін айтты. Ұлытау облысындағы медиандық жалақы – 404 105 теңге, ал Қазақстан бойынша медиандық жалақы бұдан екі есе төмен – 285 677 теңге", – делінген хабарламада.
КОРПОРАЦИЯ ПОЗИЦИЯСЫ
"Қазақмыс" жалақыны 2025 жылдың қаңтар айынан бастап көтеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
"Индексация 2024 жылға Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы белгілеген инфляция деңгейіне сәйкес жүзеге асырылады. Егер жалақы 8,5%-ға артса, корпорациядағы орташа жалақы 822 мың теңгеге (2024 жылы – 730 431 теңге) дейін, ал жер астындағы мамандықтар бойынша қызметкерлердің жалақысы 1 303 000 теңгеге (2024 жылы – 1 202 000 теңге) дейін өседі. Жалақыны күрт көтеру аймақтағы, салалық деңгейдегі және корпорация ішіндегі жалақы айырмашылығының артуына әкеледі. Бұл ақырында компанияның кейбір кеніштерінің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, жабылуына әкелуі мүмкін", – деп түсіндірді корпорация өкілдері.
ЖҰМЫСШЫЛАР ЕРЕУІЛІ
Бұған дейін Сәтбаевте «Қазақмыс» кеншілері ереуілге шыққан. Ереуілге шыққан 250-ден астам кенші алдымен жалақыны 30%, кейін 100% көтеруді, сондай-ақ, мемлекеттік органдар тарапынан қысымды тоқтатуды талап еткен.