×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

БЖЗҚ басшысы көлігі мен азық-түлікке қанша шығындайтыны жайлы айтып берді

17.12.2021, 10:50
БЖЗҚ басшысы көлігі мен азық-түлікке қанша шығындайтыны жайлы айтып берді
Фото: Ашық дереккөзден

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов азық-түліктің қымбатшылығын байқағанын айтады. Ulysmedia.kz порталының тілшісі Мәжіліс кулуарында Құрмановтың өзімен әңгімелесіп көрді.

59 жастағы шенеунік зейнетке шыққаннан кейін Қазақстанда қалатынын мәлім етті. Сонымен бірге көлігі 2008 жылы шыққанын қосып өтті.

«Мен көлікті ауыстырған емеспін. Баяғыдан бері «Мицубисимен» жүрмін. Айлықты маған директорлар кеңесі бекітеді. Сол себепті оны белгілеу менің құзыретімде емес. Осы лауазымда мен отырсам да, әлде басқа біреу келсе де, айлықты белгілеу директорлар кеңесінің құзыретінде қала береді», - деп айлық туралы жауаптан жалтарғысы келді Құрманов.

Журналист тарапынан айлық туралы сұрақ әртүрлі қырынан төрт рет қойылды. Себебі әкімдер мен министрлер бұл жағынан қанша алатынын жасырмаған еді.

«Тағы да айтайын, айлықты белгілеу – менің құзыретімдегі шаруа емес. Бұл бір. Екіншіден, квазимемлекеттік ұйымдар деңгейіндегі айлық көлемі бір-біріне ұқсас. Біз бұл бағытта ылғи мысал келтіреміз. Біздің қызметкерлер алатын табысты Қазақстандағы орташа табыс мөлшерімен, яғни орташа табыспен салыстыруға болады. Біліктілігіне қарамастан, біздің қызметкерлеріміздің айлығы қаржы саласының қызметкерлеріне қарағанда шамамен 30-40% төмен. Сондықтан осы тұрғыдан алғанда бұл мәселе өте мұқият бақылауда болғандықтан, БЖЗҚ қызметкерлерінің еңбекақысы бәрінің әрқашан назарында болады. Айлық мәселесін директорлар кеңесі келесі жылға арналған бюджетті анықтаған кезде өте мұқият қарайды», – деді Құрманов.

Журналист директорлар кеңесі басшыға өз айлығын айтуға тыйым салды ма деген сұрақ қойды. Бұған жауап берген БЖЗҚ басшысы келісімге сәйкес, бұл деректер жариялауға жатпайтынын айтты. Қор басшысы сонымен қатар азық-түлікке қанша ақша жұмсайтынын айтты. Қымбатшылықты сезінгенін де қыстырды.

«Менің отбасым мен балаларым болғандықтан, азық-түлікке шамамен 300 мың теңге кететін секілді. Отбасында бес адам бар. Әрине, азық-түліктің қымбатшылығы байқалады. Біз де ел секілді сол дүкендерге, сол базарларға барамыз. Балалар оқитын болғандықтан, білім алуына басымдық беріледі. Сондықтан біз күнделікті қажеттіліктен бұрын, балалардың үйірмелеріне ақша жұмсап, қаражатты жинақтауға тырысамыз», - деді Құрманов.

Журналист өз тарапынан «тілшілерден қашатын министрлер» туралы пікірін сұрады.

«Әріптестерім қандай сұраққа жауап беретіні туралы толық ештеңе дей алмаймын. Жұмыс бар әрине. Өзім жайлы айтайын. Халықпен жұмыс істейтіндіктен, БЖЗҚ Қазақстандағы ең ауқымды клиенттік базаға ие. БЖЗҚ-да 11 миллионға тарта шот бар. Әлбетте, әр адам өз проблемасымен келеді. Өмірде әртүрлі жағдай туындауы мүмкін. Бұл тұрғыда мен де, әріптестерім де белсенді түрде халықпен тілдесуге тырысамыз. Клиенттерге кеңес беруде біздің қызметкерлер жиынға көп қатысады», - деді ол.

Жанат Құрманов Қарағандыда дүниеге келген. Еңбек жолын инженер, Қазақстан Ғылым академиясының ядролық физика институтының кіші ғылыми қызметкерінен бастаған. 2002-2006 жылдары – «МЖЗҚ» акционерлік қоғамының бас директоры болған. Әр жылдары «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Халык Life» АҚ Директорлар кеңестерінің мүшесі, Биржалық кеңестің төрағасы, «Қазақстан қор биржасы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары болды. 2019 жылғы 29 наурыздан бастап – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы.