Ақтау маңындағы ұшақ апатында қаза тапқан 38 марқұмның 10-ы туыстарының көмегімен кім екені нақтыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Қаза тапқан 38 адамның 10-ы анықталды: 3 Қазақстан азаматы, 3 Ресей және 4 Әзербайжан азаматы. Денелерді идентификациялау жұмыстары жалғасып жатыр. 20 зардап шеккен адам емдеу мекемелерінде жатыр. Ауруханаға жатқызылған барлық 29 зардап шеккен адам анықталды”, деп жазды ТЖМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ 14 зардап шеккен адамды Әзербайжан делегациясының 2 бортымен еліне жеткізу жоспарланып отыр.
ТЖМ хабарлауынша, оқиға орнына ҚР ТЖМ, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының, полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 235 адам, 98 техника, 2 кинологиялық есептоп жұмылдырылған.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.