×
526.11
542.31
4.76
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
526.11
542.31
4.76

АЭС бойынша конкурс рәсімдері биыл өткізіледі

03.01.2025, 10:15
АЭС бойынша конкурс рәсімдері биыл өткізіледі
Ulysmedia коллажы

Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында толығырақ айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ТОҚАЕВ НЕ ДЕЙДІ

– Сіз Атом энергетикасына қатысты референдум кезінде ақпарат құралдарының алдында сөз сөйлеп, атом электр стансасын салуға озық технологиясы бар шетел компаниялары тартылады дедіңіз. Халықаралық консорциум құрылатын болды. Үкімет қай компанияларға басымдық беретінін айқындады ма? – деп сұраған журналист президенттен.

Бұл сауалға жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің Астанаға сапары кезінде бұл мәселе де талқыланғанын айтады. Жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан жағы консорциумда бас оператор болады деп уағдаласқан.

– Атом стансаларын салуға байланысты шетелдерде тәжірибесі мол, білігі жоғары «Росатом» компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ Қытайдың азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандар салу ісіндегі зор жетістіктері ескеріле отырып, осы елдің компания­сымен де келіссөз жүргізіліп жатыр. Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр, – дейді президент.

Тоқаев биыл конкурстық рәсімдер өткізілетінін айтады. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды.

– Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор, – дейді ол.

Бұған дейін президент Ақордадағы қабылдауда Сәтқалиевке Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысын жеделдетуді тапсырған.

АЭС РЕФЕРЕНДУМЫ

Былтыр 6 қазанда Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өтті. Оған сай, жалпы дауыс берушілердің 71,12 пайызы бастаманы қолдаған. Үкімет АЭС салу мәселесінде 4 ел – Корея, Ресей, Қытай, Франция елдерінің технологияларын зерделеп жатқанын хабарлаған еді. Референдумда дауыс берген кезінде ел президенті "АЭС-ті қай ел салады" деген сұраққа үкімет мәселе бойынша нақты талдау жасап, келіссөздер жүргізу керек екенін атап өткен. Үкімет АЭС салынатын орын ретінде Алматы облысы Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылын белгілеп отыр.