Дәрігерлер Румынияның Бихор округінде алғаш рет метапневмовирусын (HMPV) жұқтыру жағдайын тіркеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, бұл жағдай Кантакузино институтында жүргізілген талдаулардан кейін пациентте расталған.
НАУҚАС – ӘЙЕЛ АДАМ
Ауруға шалдыққан адам – Орадя қаласының 67 жастағы тұрғыны, ол елден тыс жерге шықпаған.
Осыған байланысты Бихор қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы инфекцияның себебін анықтау үшін эпидемиологиялық тергеу жүргізе бастады.
Дәрігерлердің айтуынша, пациентте қатар жүретін басқа да аурулар бар. Симптомдары желтоқсанның соңында байқала бастаған, оған Бихор округінің жедел медициналық көмек көрсету клиникалық ауруханасында ПТР талдауы жасалған.
Әйел ауруханаға жатқызылды, жағдайы тұрақты, ол оқшауланған.
МЕТАПНЕВМОВИРУС ДЕГЕН НЕ
Адамның метапневмовирусы (HMPV) – тыныс алу жолдарын зақымдап, өкпенің жоғарғы және төменгі бөліктерінде қабыну тудыратын вирус. Бұл вирус алғаш рет 2001 жылы Нидерландыда анықталған, алайда кей деректерге сәйкес, ол 1950 жылдардан бері адамдар арасында таралып келеді.
Еске сала кетейік, желтоқсанның соңғы аптасында Қытайда адамның метапневмовирусының өршуі тіркелген болатын. Қытайдың аурулардың алдын алу және бақылау басқармасының мәліметінше, бұл вирус тұмаудан кейінгі екінші кең таралған инфекцияға айналды, екі жағдайда да алдыңғы аптамен салыстырғанда науқастар санының өскені байқалған.