Қазақстан халық партиясы атынан Парламентке Асылбек Нұралин депутат болды. Ол мәжілістен кеткен Гаухар Танашеваның орнына келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ДЕПУТАТ ҚАЙ КОМИТЕТКЕ БАРАДЫ
Асылбек Нұралин бүгін депутат ретінде ант берді. Парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Асылбек Нұралин өзі жетекшілік ететін комитет құрамына енгізілетінін, жаңа депутаттың кәсіподақ саласында көп тәжірибесі барын айтты.
ТАНАШЕВА НЕ ҮШІН КЕТТІ
Гаухар Танашева не үшін кеткенін журналистер экс-депутаттың әріптестері Ирина Смирнова мен Магеррам Магеррамовтан сұраған. Смирнова партия ішінде ротация жүрггізіліп тұратынын, бұл қалыпты құбылыс екенін айтты. “Бұл ротация Танашеваның келісімімен жасалды ма” деген сұраққа ол “жоқ” деп жауап берді. Алайда Магеррамов Танашева өз келісімімен Парламенттен кеткенін айтады.
Былтыр 23 желтоқсанда партиялық бюро отырысы өткен болатын. Сол кезде ротация мәселесі қаралды. Депутат Танашеваның мандатын қайтарып алдық. Оның орнына партиялық тізім бойынша Асылбек Нұралин келді. Бұл қандай да бір жеке мәселелермен байланысты емес. Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтардың жылы ретінде жариялады. Асылбек Жамашұлы – металлургтердің ірі кәсіподағының басшысы, - дейді Магеррамов.
Ротацияға неге дәл Гаухар Танашеваның іліккенін Магеррамов “партия сондай шешім қабылдады” деп түсіндіреді. Ол партияның орталық аппаратында жұмысын жалғастырып, әлеуметтік жобалармен айналысады дейді ол.
АҚПАРАТ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Танашеваның орынтағын босатқаны жөнінде 14 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы ақпарат таратқан еді. Ulysmedia.kz тілшісі Гаухар Танашеваның Парламенттен кетуіне не түрткі болғанын білу үшін оған қоңырау шалғанымен ұялы телефоны өшіп жатты.
Гаухар Танашева 2024 жылы 25 желтоқсанда, яғни былтыр өзі қатысқан парламент мәжілісінің соңғы отырысында «халқын аямайтын үкіметтен тұратын мемлекетпіз, бұл тактиканы өзгертпей дамыған мемлекеттердің қатарына кірмейміз» деп мәлімдеген еді.