Қонаевта әскери техника мен жеңіл көлік жол апатына түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Оқиға Алматы - Өскемен автожолында болған.
15 қаңтарда сағат 13:40 шамасында “Алматы-Өскемен” автожолының оңтүстік бағытының 56 шақырымында “Цзефан” автокөлігінің жүргізушісі Заречный ауылы маңындағы өтпежолдан келе жатқанда тралдан екі бірлік әскери техниканы түсіріп алды.
Салдарынан техника жүру бөлігіне аударылып, сүйемелдеп келе жатқан “Ssang Yong Actyon” автокөлігімен соқтығысты. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Алматы - Өскемен автожолында 18 көлік соқтығысып, сұмдық жол апаты болған еді. Оқиға 15 қаңтар күні сағат 07:30 шамасында «Алматы – Өскемен» автожолының 28-шақырымында («Алматы – Қонаев» бағыты) болған. Трассада 18 көлік жол апатына түскен. Жол апаты қалың тұман кезінде болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апатқа жүргізушілердің шектеулі көріну жағдайында жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауы себеп болған.
“ҚазАвтоЖолдың” мәліметінше, оқиға болған жол учаскесі IА техникалық санатына жатады, алты қозғалыс жолағы бар. Жол беті құрғақ, ақаулар мен бөгде заттар болмаған. Апат салдарынан қаза тапқандар жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
ЖОЛ АШЫҚ
Қазіргі таңда Алматы-Өскемен автожолының учаскесінде қозғалыс ашық. Жол апатынан кейін жол қызметі жолдың бойын тазалап өтті.