Лондон клубы алматылық "Қайраттың" 16 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтбаев үшін 4,3 млн еуро төлейді. Мәміле қазақстандық футбол тарихында рекордтық көрсеткіш саналады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы спорт журналисі Иван Карпов айтты. Бес жылдық келісімшарт 2026 жылдың тамызында, 18 жасқа толған кезде күшіне енеді.
2,4 миллион еуро – тұрақты төлем, қалғаны "Қайратта" да, "Челсиде" де, оны жалға алуға болатын басқа клубта да ойындар үшін қосылатын бонустар.
Бұған дейін қазақ футболшыларының ішінде ең қымбаты "Қайраттан" "Зенитке" ауысқан Әліп еді. Оның трансферті 2 млн еуроға бағаланған болатын. Ал лига тарихында Твумасидің "Астанадан" "Алавеске" 3 млн еуроға ауысуы бойынша мәміле рекордтық болған.
Көп клуб Сәтбаевтан үмітті болды, олардың арасында "РБ Зальцбург", "Байер", "Бенфика" және "Реал Сосьедад" бар. Алайда "Челси" Дастанды өз командасында көргісі келетіндердің бәрінен де табанды болды, – дейді Карпов.
Кейінірек ақпаратты әлемдік футболдың бас инсайдері Фабрицио Романо растады.