ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейюс Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз бағдарламаларының басымдылығын қайта қарауға мәжбүр екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы қол қойған меморандумда ұйым қаржыны үнемдеу үшін іссапар шығындарын айтарлықтай қысқартуды және қызметкерлерді жұмысқа алуды тоқтатуды жоспарлап отырғаны айтылған.
Сондай-ақ құжатта ДДҰ ұйымдағы бюджеттік және ішкі өзгерістерге дайындалып қойғаны, бірақ қалыптасқан жағдайға байланысты олар жеткіліксіз болып шыққан. Бұдан былай ДДҰ барлық отырыстарды бейнеконференция арқылы өткізуді, IT жабдықтарын ауыстыруды шектеуді және қауіпсіздікке байланысты болмаса, кеңселерді жөндеуді доғаруды жоспарлап отыр.
Reuters жазғандай, меморандум 20 қаңтарда қызметіне кіріскен АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың мәлімдемелерінен кейін пайда болды. Трамп инаугурациядан кейін бірден ДДҰ-ны COVID-19 пандемиясын және басқа да халықаралық денсаулық дағдарыстарын дұрыс басқармай отыр деп айыптады. Ақ үй басшысы АҚШ-тың ұйымнан шығатыны туралы жарлыққа да қол қойды.
«Бұл мәлімдеме біздің қаржылық жағдайымызды одан әрі ушықтырды...», - деп атап өтті Гебрейюс меморандумда.
Айта кетейік, АҚШ ұйымның жалпы қаржыландыруының 18%-ға жуығын бөліп келген. ДДҰ-ның 2024–2025 жылдарға арналған соңғы екі жылдық бюджеті 6,8 миллиард долларды құрады.